Қарағанды облысы: Шашубай кентінде 96 отбасы баспаналы болды

23 Сәуір 2024, 02:50
553
Бөлісу:
Қарағанды облысы: Шашубай кентінде 96 отбасы баспаналы болды
Фото: Қарағанды облысының әкімдігі

Қарағанды облысының Ақтоғай ауданына қарасты Шашубай кентінде 96 отбасы баспаналы болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ол үшін елді мекендегі бос тұрған бес қабатты үй жөнделген. Көпқабатты үй кенттің орталығында, Ақбергенов көшесінде орналасқан. Ол "Мықты өңірлер – ел дамуының драйвері" бағдарламасы аясында қалпына келтірілді.

Үй 90-шы жылдары салынған, бірақ ұзақ уақыт бойы қаңырап бос тұрды. Ол тексеріліп, қалпына келтіруге жарамды деп танылды. Біз бұл үйді өз балансымызға алып, қаражат бөлдік. Ал мердігер компания оны қалпына келтіріп, жөндеді. Осының арқасында біз әлеуметтік осал санаттағы 96 отбасын және бюджеттік қызметкерлерді тұрғын үймен қамтамасыз ете алдық, – деп атап өтті Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары Абылай Аманжолов.

Пәтер кілттері мүгедектігі бар жандарға, көп балалы аналарға, баспанасы апатты деп танылғандарға, мемлекеттік және бюджеттік ұйым қызметшілеріне табысталды.

Шашубайда үй кезегінде тағы 89 отбасы бар. Алдағы уақытта кенттегі бос тұрған тағы осындай 3 үй жөнделеді дейді әкімдіктегілер.

Өзгелердің жаңалығы