Келесі жылы Ақтас кентінің жанындағы теміржол өткелінің үстінен өтпе жол құрылысы басталады, ол көлік ағымын реттеуге және кептеліске қатысты көпжылдық мәселені шешуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қарағанды облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсұт Қожанов көпір құрылысы және биылғы жылға арналған жоспарлар туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі платформасында өткен брифингте айтты.
Қарағанды – Жезқазған автожолын жөндеу жобасы бүгінгі күні мемлекеттік сараптамадан өтуде. Төрт жолақты жол болады. Биыл жұмыс Жаңаарқадан Қарағандыға қарай 40 шақырым жерде басталады, – дейді Мақсұт Қожанов. – Жоба шеңберінде Ақтас кентінің маңындағы теміржол өткелінде жол өтпесін салу арқылы кептеліспен байланысты көпжылдық проблема шешілетін болады. Осы учаскеде жобаны іске асыру келесі жылы басталады деп жоспарлануда.
Жалпы Қарағанды облысында биыл облыстық, аудандық және қалалық маңызы бар 734 шақырым автожол жөнделеді. Өңірдегі жол-құрылыс маусымы 1 мамырда басталады.