Облыстың мектептеріндегі асханалардың жұмысы қадағалана ма? Тамақтың сапасына кім жауапты? Ата-аналар тарапынан шағымдар түсе ме? Оқушыларды тамақтандыратын кәсіпкерлер не дейді? Білім беру мекемелеріндегі тамақтану саласына қатысты сұрақтарға жауап іздеген едік, деп жазады BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
Қарағанды облысындағы жалпы білім беретін 393 мектептегі 74 мыңға жуық оқушы тегін тамақпен қамтылған. Оның ішінде 68 144 бала 1-4 сынып оқушылары болса, 5 794 бала әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 5-11 сынып оқушылары. Облыстық барлық мектептеріндегі ас мәзірі бірдей, оны білім басқармасымен әзірлеген. Балалар үшін буға, суға пісірілген гарнирлер, сиыр, құс, балық етінен дайындалған ыстық тамақтар, көкөніс салаттары, құрамына жасанды бояуыш қосылмаған сусындар ұсынылады. Мектептердегі тамақтандыруды білім беру ұйымдары жанынан құрылған тамақтану сапасына мониторинг жүргізу жөніндегі комиссия мен ведомоствоаралық сараптамалық топтар қадағалайды. Мониторингтік комиссия мүшелері мектеп асханаларын айына 2 рет жүйелі түрде тексеріс жүргізеді.
Тамақтану сапасына бақылау жүргізетін комиссия санитарлық нормалардың сақталуын, өнімдерде сертификаттың болуын, асхананың ас әзірлейтін блоктағы құрал-жабдықтарының жағдайын тексереді. Тексерістер кесте арқылы жүргізілгенімен, мектептерге алдын ала ескерту жасалмайды. Тексерістердің қорытындысы білім бөлімі мен білім беру мекемелерінің сайттарында жарияланады. Сондай-ақ, ведомоствоаралық сараптау тобы тексеріс кезінде ас мәзіріндегі тамақтардан сынама алады. Тамақтың сынамасы 48 сағат сақталып, егер де бала уланған болса, зертханаға жіберіледі, - дейді Қарағанды қаласы білім бөлімінің бас маманы Ақыл Есенбекова.
Ведомоствоаралық сараптау комиссиясының құрамында облыс бойынша 17, ал қала бойынша 13 адам бар. Комиссия құрамына мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, саяси партиялардың, ата-аналар қоғамдарының өкілдері кіреді. Комиссия мектеп асханасының жұмысын қадағалап, ас мәзірінің жасалуын бақылайды.
Ереже бойынша мектептерде бір реттік тамақтану қарастырылған. Яғни бірінші ауысымда таңғы ас, ал екінші ауысымда бесіндік беріледі. Дегенменде, оқушылардың арасында әлеуметтік осал отбасыларда тәрбиеленіп жатқан балалардың болуына орай мектептердегі ас мәзіріне ыстық тамақ та қосылған. Мысалы, дүйсенбі күні оқушылар ботқа жесе, сәрсенебі күні сорпа ішеді. Мектеп асханасының ас мәзірінде ащы тағамдарға, жасанды қоспаларға, майонез немесе кетчуп қосылған салаттарға, Coca cola сияқты бояғыштары бар сусындарға тыйым салынған, - дейді Ақыл Есенбекова.
Мониторингтік комиссия ата-аналардың тамақтану сапасына қатысты шағымдары барынша жедел шешімін табатындығын айтады.
Көпбалалы анамын. Балаларым №102 мектепте оқиды. Ата-ана ретінде мектептер мен балабақшалардағы тамақтанудың сапалы ұйымдастырылуына барынша ат салысамын, мониторингтік комиссияның құрамындамын. Ата-аналардың шағымдарын әлеуметтік желіден немесе чаттардан білеміз. Көбіне тамақтың суып қалғандығына немесе астың дәмсіз екендігіне шағымдар түсіп жатады. Бұл шағымдарды алдымен мектептерге жібереміз, содан кейін білім бөлімінің мамандарымен бірге тексеріске шығамыз. Осы уақытқа дейінгі тексерістер барысында айтарлықтай заң бұзушылықтарды көрген жоқпыз. Тамақтануды ұйымдастыратын кәсіпкерлер шағымдарды барынша тез жоюға тырысады. Тамақтың суып қалуына келетін болсақ, мысалы, асханада тамақтану кестемен, белгіленген уақытпен жүзеге асырылады. Яғни, асхана қызметкерлері балалардың асын дастарханға дайындап қойғанымен, оқушылар сабақтан кеш шығуы салдарынан кешігіп қалуы да мүмкін. Ыстық тамақтың суып қалуына 10 минут та жеткілікті, - дейді мониторингтің топтың мүшесі Айша Сүлейменова.
Жалпы биылғы оқу жылында облыс бойынша мектептегі тамақтануға 5,8 миллиард теңге бөлінген. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда анағұрлым көп. Бір баланың тамақтануы үшін мемлекеттен қосымша құн салығын қосқанда 520 теңге бөлінеді. Дегенменде мектептердегі тамақтандыруды ұйымдастыратын кәсіпкерлер бұл қаржының сапалы қызмет ұсынуға аздық ететіндігін айтады.
Табысты жұмыс жасау үшін баға 670-690 теңге көлемінде болу қажет. Себебі қазіргі уақытта әр балаға 520 теңге бөлінгенімен, құн салығын алып тастағанда бұл сомма 464 теңгеге дейін азаяды. Ал сапалы тамақтандыруды ұйымдастыру үшін бұл қаржы жеткіліксіз. Себебі инфляцияға байланысты тауарлардың, қызмет көрсетудің де бағасы өсіп келеді, - дейді Бөлшек сауда және қоғамдық тамақтану қоғамдастығының президенті Марина Лаптева.
Оның айтуынша, тамақтанудың бағасы күн тәртібіндегі маңызды проблеманың бірі саналады.
Қарағанды облысындағы тамақтанудың бағасы еліміздегі ең төменгі саналады. Бұл соммаға тиісті сапамен қамту мүмкін емес. Осы мәселені қарағандылық кәсіпкерлер бірнеше рет көтерген болатын. Біз білім басқармасымен етене жұмыс жасаймыз. Алдағы уақыттары бұл мәселенің оң шешімі болады деп үміттенеміз. Бағаны көтеру аспазшы мамандарының да мәртебесін көтеруге мүмкіндік береді деп ойлаймыз, - дейді Марина Лаптева.
Қарағандының бірнеше мектебінің асханасын жалға алып, балаларды тамақтандыратын «Калимбетов ЖК» тамақ саласында 10 жылдан астам уақыт жұмыс жасайтындықтарын айтады.
Қазіргі уақытта облыс бойынша оннан аса мектепте жұмыс жасап жатырмыз. Біз тек отандық, әрі халал өнімдермен жұмыс жасаймыз. Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасының сертификаты бар өнімдерді ғана тұтынып, күмәнді заттарды пайдаланбаймыз. Басшымыз Данияр Жұмабеков мектеп асханаларындағы тамақтың сапасына ғана емес, ғимараттың жағдайына да қатты көңіл бөледі. Ескі мектептердің асханаларында өз қаражаты есебінен жөндеу жұмыстарын жүргізіп, балаларға барынша жағдай жасауға тырысады. Әрине, ата-аналар тарапынан шағымдар да болып жатады. Шағымдармен жұмыс жасаймыз және де аспазшылардың біліктілігін көтеруге барымызды салып, бұл мамандықтың беделін көтеруге тырысып жатырмыз, - дейді №104 мектеп асханасының басқарушысы Айбол Мырзатай.
Қалалық білім бөлімінің мәліметінше, тамақтану сапасын қадағалау мен ата-аналарды күнделікті ас мәзірі мен тағамдардың энергетикалық құныдылығы жайлы ақпараттандыру мақсатында «Bilimal - Электронды мектеп» автоматтандырылған жүйесі және «EduMark» мобильді қосымшасы жұмыс істейді. Мұнда ата-аналар ас мәзірімен танысып қана қоймай, өз пікірлерін де қалдыра алады. Мектептерде күн сайын ас мәзірі мен ұсынылатын тағамдардың суреті ілінеді. Сондай-ақ, ата-аналар балалардың немен тамақтанатынын көзбен көріп, дәмін татып көрулері үшін мектептерде «Ашық есік» күні ұйымдастырылады.