Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Алтынай Жорабаева еліміздегі "Қара жұма" секілді акцияларды сынға алды.
Күндердің сұлтаны - жұма. Көңілді жұма, керемет жұма. Міне, біз бұл күнді осылай мақтап, бүгінгі акцияларға да осындай атаулар беруіміз керек. "Қара жұма, қара жұма" деп, ақыры қаралы жұма қылдық. Ауыздан үнемі шығатын сөз, өміріңде орын алады. Осы орайда маған ең көп қойылатын сұрақтың біріне жауап беріп өтсем деп едім. Аффирмация айтасыз ба? Иә айтамын және кеше бастаған жоқпын. Бұл менің өмір салтыма сіңісті болып кеткен дүние. Бұл кеше Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) "жақсы сөйле, болмаса үндеме" деп өсиет еткен сүннет. Бабамның "жақсы сөз - жарым ырыс" деп үйреткен өнегесі, - деп жазды Алтынай Жорабаева Instagram-дағы парақшасында.
Оның айтуынша, әрдайым жақсы ойда болу, жақсы сөйлеу, тіпті өлімнің өзін жұмсақ жеткізу бұл біздің қанымызға сіңген қасиет.
Маған қиянат жасап, артымнан талай өсек, алып-қашпа әңгіме айтқан адам жайлы да жаман айтпауға тырысып, кемшілігін жылы жауып, "кең болсаң, кем болмайсың" деп жүрген қазақпын. Алла бізге не берсе де, сол жақсы ойлап, жақсы сөйлейтін, ешкімді өсектемейтін, ақ адал пейілімізге береді. Аффирмация деп ат қойып, айдар тағып қазаққа жаңалық қылудың қажеті жоқ деп ойлаймын, - дейді әнші.Айта кетейік, 27 желтоқсанда (жұма күні болатын) елімізде Алматы маңына Bek Air әуе компаниясының Fokker-100 ұшағы құлап, 12 адам қаза тапқан болатын.
Тоқаев ұшақ апатынан қаза болғандардың отбасына көңіл айтты.
Болған жағдайға байланысты Bek Аir авиакомпаниясының лицензиясы тоқтатылды. Мемлекет басшысының бұйрығымен 28 желтоқсан еліміз бойынша қаралы күн деп жарияланды.
Осыдан кейін кейбір адамдар "Қара жұма" секілді акциялар "жамандық шақырады" осындайдан сақ болайық деген пікір білдірген.