Министр «Қара майор» жайлы: Ол запаста болса да, жас ұрпақпен байланысын үзген жоқ

12 Ақпан 2019, 16:12
3247
Бөлісу:
Министр «Қара майор» жайлы: Ол запаста болса да, жас ұрпақпен байланысын үзген жоқ

Астана, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Ауған соғысының ардагері, арнайы мақсаттағы 177-ші отрядтың командирі, Қазақстан Қарулы Күштерінің аңыз адамы, отставкадағы полковник Борис Керімбаевтың өліміне қатысты пікір білдірді.

«Осыдан 3 күн бұрын ол (Борис Керімбаев – автор) жатқан Алматыдағы Қорғаныс министрлігіне қарасты госпитальға бардым. Біз сөйлестік. Оның жанында әйелі болды. Әскери барлау қызметіндені еңбегі үшін оны «Алтын Үкі» төсбелгісімен марапаттадық», - деді министр Үкімет отырысынан соң журналистерге.

Оның айтуынша, Борис Керімбаев зейнет жасында болса да жастармен сөйлесіп, тәжірибесімен бөлісіп отырыпты.

«Борис Төкенұлы запаста болса да, әскердегі әріптестерімен ғана емес, жас ұрпақпен де байланысын үзген жоқ. Ол тәжірибесімен бөлісіп, әскери методологиялық оқулықтарды дайындауға үлес қосты. Ол тәуелсіз Қазақстанның қарулы күштері мен әскери барлау саласын дамытуға аянбай еңбек етті. Сондықтан біз Борис Керімбаевқа құрмет көрсетіп, оның есімін мәңгі есте сақтау мақсатында тиісті жұмыстарды жүргізу жағын қарастырып жатырмыз», - деді Нұрлан Ермекбаев.

Сонымен қатар ол Қазақстан қарулы күштерінің аңыз адамына айналған тұлғаның қазасын ауыр қабылдағын айтты.

«Бүгін біз Борис Төкенұлы Керімбаевтың өмірден өткенін зор күйзеліспен қабылдадық. Ол – запастағы полковник. Ауғанстандағы соғыста «Қара майор» атанды. КСРО Қарулы күштері Бас штабы бас барлау басқармасындағы 177 бөлек арнайы жасақ отрядының алғашқы командирі болды. Біз орны толмас қайғыға ортақтаса отырып, оның жақындары мен туыстарына көңіл айтамыз», - деп түйіндеді сөзін министр.

Айта кетейік, осыған дейін Қазақстан Қарулы Күштерінің аңыз адамы, отставкадағы полковник Борис Керімбаевтың өмірден өткенін хабарлағанбыз.

Дәурен Ерболат

Өзгелердің жаңалығы