Алматыда Есентай өзенінің бойындағы абаттандыру жұмыстары әлеуметтік желіде талқыға түсті. Қала тұрғыны Қарасай батыр көшесімен қиылысатын тұстағы көтерілетін жолға плитка төселгенін айтып, қыста жаяу жүргіншілерге қолайсыздық туындауы мүмкін екенін ескертті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жазба авторы өзен бойында шойын қоршаулардың ауыстырылып, жаяу жүргіншілер жолының жаңартылғанын және плитка төселгенін атап өткен. Алайда оның пікірінше, қар мен көктайғақ кезінде мұндай жабынмен жүру қауіпті болуы мүмкін.
Қар жауып, мұз қатқанда бұл жолмен жүргенде қалай болар екен? Балалар арбасын алып жүрген ата-аналар, егде жастағы адамдар мен басқа да жаяу жүргіншілер тепе-теңдікті сақтауға мәжбүр бола ма, әлде Алматының қысқы тегін «аттракционын» сынап көре ме? - деп жазды ол.
Әкімдік не дейді?
Алмалы ауданы әкімдігінің жауабына сәйкес, «Есентай» жобасының командасы тұрғынның өтінішін қарап, орындалған жұмыстар бекітілген жобалық құжаттамаға сәйкес жүргізілгенін хабарлаған.
Сондай-ақ жұмыстардың әлі де жалғасып жатқаны айтылды. Жобаға сәйкес, қоршаулар орнату қарастырылған және оны биыл қазан айында аяқтау жоспарланған екен.