Қысты күні ауа райының қолайсыздығына қарамастан полиция қызметкерлері өз қызметтерін жауапкершілікпен атқарып, көмекке мұқтаж азаматтарға жәрдем береді. Риза болған елорда тұрғындары көмекке келген полиция қызметкерлері туралы пікірлерін "102" каналы арқылы айтып, алғыстарын білдіріп жатады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Астана қаласы ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, кезекті алғыс иесі көмекке келген полиция қызметкерлеріне "102" каналы арқылы алғысын білдірді.
Нақтырақ айтсақ, Патрульдік полиция қызметкерлері полиция аға лейтенанттары Жетпісбаев Есжан және Разаков Әділбек боранды күндердің бірінде маршрутты патрульдеу кезінде қардың астында қалған көлігін шығара алмай тұрған азаматты байқап, жанына тоқтайды. Көлік иесі жұмысқа кешігіп бара жатқанын, қар құрсауынан көлікті шығара алмай тұрғанын түсіндірді. Патрульдік полиция полкінің қызмет инспекторлары еш ойланбастан, дереу көлікті тартып, қардың астынан шығарып берді.
Кейін риза болған азамат "102" арнасына хабарласып, полиция қызметкерлеріне алғыс білдірді.