Соңғы күндері еліміздің бірқатар өңірлерінде қар аралас жаңбыр мен қар жауып, ауа райының күрт өзгеруі көлік қозғалысына қиындықтар туғызды. Ауа райының қолайсыздығына байланысты "ҚазАвтоЖол" компаниясы жүргізушілерге ескерту жасауда, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мұндай сын сағатта ең алдымен көмекке келетіндер – жолшылар екені сөзсіз. Олардың еңбегі, әсіресе, осындай күрделі ауа райы кезінде ерекше бағаланады. Мамандар күндіз-түні тынымсыз еңбек етіп, республикалық маңызы бар автожолдарда қозғалыстың үздіксіз жүруін қамтамасыз етуге бар күшін салуда. Жолшылар тәулік бойы жолды қардан тазартып, көктайғақтың алдын алу үшін арнайы көктайғаққа қарсы материалдар сеуіп жатыр. Қар қалың түскен аумақтарда ауыр техника мен арнайы қар тазалағыш көліктер жұмылдырылған, - делінген компания хабарламасында.
Соңғы тәуліктерде облыс аумағында жүздеген шақырым жол тазартылып, ондаған тонна көктайғаққа қарсы материалдар себілген. Қазіргі таңда барлық негізгі бағыттарда жол қозғалысы бақылауға алынып, тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған.
Жүргізушілерді қыс мезгілінде жолға шықпас бұрын ауа райы болжамын мұқият қадағалауға, көліктерінің қысқы маусымға дайындығын пысықтап және сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырамыз. Себебі, жолдағы қауіпсіздік – бәрінен маңызды, - дейді "ҚазАвтоЖол" баспасөз қызметі.
Еске салайық, бұған дейін синоптиктер 7, 8 және 9 қараша күндеріне арналған ауа райы болжамын жариялаған болатын.