Елімізде Қаныш Сәтбаев атындағы республикалық химия олимпиадасы өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Іс-шараға жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері және республикалық жасөспірімдер олимпиадасының өңірлік кезеңдерінің қатысушылары арасынан іріктелген 9-11 сыныптардан 80-ге жуық оқушы қатысуда.
Олимпиада бағдарламасы бес күнге жоспарланған және жас химиктердің ең мықтысын анықтау мақсатында теориялық және практикалық турларды қамтиды. Мақсаты – дарынды балаларды анықтау және қолдау, теориялық білімдері мен практикалық дағдыларын тереңдету, сондай-ақ оқушылардың химия пәніне деген қызығушылығын арттыру.
Олимпиадаға қатысумен қатар, оқушылар Сәтбаев атындағы үй-мұражайы мен тарихи-өндірістік мұражайын, тау-кен және балқыту өнеркәсібі тарихы мұражайын, сондай-ақ тарихи-археологиялық мұражайын аралап, Қазақстан ғылымы мен мәдениеті мұрасынан сусындап, көрнекті ғалымдар мен инженерлердің жұмысымен танысатын болады.
Олимпиада қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер Оқу-ағарту министрлігінің I, II және III дәрежелі дипломдарымен және бағалы сыйлықтармен, сондай-ақ жетекші жоғары оқу орындарында оқуға арналған білім гранттарымен марапатталады.
Олимпиаданың ұйымдастырушылары – Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы, «The Ulytau Educational Foundation» қоғамдық қоры және Ұлытау облысының білім басқармасы. Олимпиада демеушісі «Қазақмыс» корпорациясы.