Жаңа жыл келген сайын күнтізбе ғана емес, ережелер де өзгереді. 2026 жылдың қаңтары да қазақстандықтар үшін дәл сондай кезеңдердің бірі болып отыр. Бір қарағанда заңдар мен қаулылар алыста тұрғандай көрінгенімен, олардың әсері айдың соңында келетін түбіртек пен әмияндағы ақша арқылы анық сезіледі. Ендеше, қаңтардан бастап өмірімізде нақты не өзгереді?
Коммуналдық қызмет: баға бірден өспейді, бірақ…
Жаңа жылдан бастап жарық, су, жылу ақысы бір күнде аспандап кетпейді деген уәде бар. Электр энергиясы тарифтері бірнеше жылға алдын ала бекітілген. Бұл -халық үшін жақсы жаңалық.
Алайда су мен жылу мәселесінде бәрі өңірге байланысты. Кей жерде ескі құбырлар мен желілерді жаңарту керек, ал ол қосымша шығын деген сөз. Сондықтан түбіртектегі сома біртіндеп өсуі мүмкін. Яғни, «баға өзгермейді» деген сөз мүлде өзгеріс болмайды дегенді білдірмейді.
Салық: табыс артса, жауапкершілік те артады
Қаңтардан бастап салық жүйесінде жаңа тәртіптер енгізіледі. Ең көп талқыланып жатқан өзгеріс - қосылған құн салығы. Бұл қарапайым адамға тікелей салық төлейсің дегенді білдірмейді, бірақ дүкендегі кей тауардың бағасы сәл қымбаттауы мүмкін.
Тағы бір маңызды жаңалық -табысы жоғары азаматтарға салық көбірек салынады. Яғни, көп табатындар бюджетке де көбірек үлес қосады. Бұл шешімді билік әлеуметтік әділеттілік деп түсіндіреді. Ал қарапайым жалақы алатындар үшін салық айтарлықтай өсіп кетпейді.
Зейнетақы: жақсы жаңалық та бар
Зейнеткерлер үшін қаңтар айы жағымды жаңалықпен басталды. Зейнетақы мен әлеуметтік төлемдер өседі. Бұл соңғы жылдары қымбаттаған азық-түлік пен дәрі-дәрмек жағдайында аса маңызды.
Тағы бір көптен күткен өзгеріс – зейнетақы жинақтарынан алынатын төлемдерге салық салынбайды. Яғни, қолыңызға тиетін ақша бұрынғыдан көбірек болады. Ал зейнетақыны баспана немесе емделу үшін пайдаланғысы келетіндер үшін талаптар нақтылап, жас ерекшелігіне қарай шектер белгіленеді.
Медициналық сақтандыру: қорғаныс бар
Жұмыссыз қалып қалу -ешкім қаламайтын жағдай. Бірақ өмірде бәрі болуы мүмкін. Осыны ескеріп, медициналық сақтандыру жүйесінде маңызды өзгеріс енгізіледі. Егер адам бұрын бірнеше жыл жарна төлеп келген болса, жұмысынан айырылған күннің өзінде белгілі бір уақытқа дейін сақтандыру мәртебесін сақтай алады. Бұл -емхана есігі жабылып қалмайды деген сөз.
Жалпы алғанда, 2026 жылдың қаңтарынан бастап енгізілетін өзгерістер әлеуметтік саясат пен қаржылық тәртіпті қайта қарауды талап етеді. Бір жағынан, зейнетақы мен әлеуметтік төлемдердің өсуі халықты қолдауға бағытталса, екінші жағынан, салықтық өзгерістер мен тарифтік саясат азаматтардан қаржылық жауапкершілікті күшейтуді талап етеді.
Сарапшылардың пікірінше, алдағы кезеңде әрбір азамат өз бюджетін жоспарлау кезінде жаңа ережелерді ескеріп, экономикалық өзгерістерге бейімделуі қажет.