Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ІІМ Көліктегі полиция департаменті жедел-тергеу тобының өндірісінде Алматы қаласы халықаралық әуежайының ғимаратында орналасқан дүкендегі ұрлық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу материалдары қаралып жатыр.
Бұл туралы Көліктегі полиция департаментінің бастығы Оңал Бекеев айтты.
Бекеевтің айтуынша, абоненттік байланыстар туралы деректерді талдау, сондай-ақ бейнебақылау камераларынан бейнежазбаларды қарау кезінде үш күдікті анықталды: екі апалы-сіңілі мен оның біреуінің күйеуі. Олардың барлығы да Алматы облысының тұрғындары.
5 қаңтардан 6 қаңтарға қараған түні жаппай тәртіпсіздік кезінде жоғарыда аталған азаматтар әуежайда бөтеннің мүлкін ұрлағаны анықталды, - деп атап өтті О.Бекеев.
«Күдіктілердің тұрғылықты жерін тексеру кезінде заттай дәлелдемелер - элиталық алкоголь, сондай-ақ 130 атаудан тұратын парфюмерлік және косметикалық бұйымдар тәркіленді. Сонымен қатар, кофеханадан, кәдесый дүкенінен және дәріханадан ұрланған 94 тауар тәркіленді, деп нақтылады полиция генерал-майоры.
Аталған факті бойынша ҚК 188-бабы, яғни ұрлық бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, 40 жастағы ер адамға қатысты «қамауға алу» түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды, 34 жастағы және 26 жастағы әйелдерге қатысты жас балаларының болуына байланысты «ешқайда кетпеу және өзін дұрыс ұстау туралы қолхат» түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданды, - деп түйіндеді сөзін ол.