Қаңтардағы қасірет: Ел үмітін ақтаған батырлар

6 Қаңтар 2023, 14:51
2663
Бөлісу:
Қаңтардағы қасірет: Ел үмітін ақтаған батырлар
PHOTO

Өткен жылдың басында болған Қаңтар оқиғасы кезінде Ұлттық ұланның офицерлері мен сарбаздары анттарына адалдық танытты. 400-ден аса ұландық әскери қызметші әртүрлі деңгейдегі жарақат алса, өкінішке қарай, екі жас сарбаз қаза болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Отан алдындағы серттеріне аса үлкен жауапкершілікпен қарап, ел алдындағы міндеттерін ұмытпаған әрбір ұландық сардар мен әскери қызметшілердің еңбектері елеулі, олардың сол уақыттағы өлшеусіз ерліктері туралы жариялап, таныстырып кетуді жөн санадық.

«Болмайды, өлтірмеңдер!»

2022 жылы 7 мамыр – Отан қорғаушысы мерекесі қарсаңында міндетін адал атқарып, құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен II дәрежелі «Айбын» орденімен Жандос Жамалұлы марапатталған болатын. 

Қаңтардағы қасірет: Ел үмітін ақтаған батырлар

Ол Қаракемер кентінде орналасқан 6654 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметін атқарады. Қаңтар оқиғасы кезінде жарақат алды. 

Біз бірінші белгі бойынша Қаракемер кентінен Алматы қаласына келдік. 5571 әскери бөлімімен бірге қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге шықтық. Алматы қаласының Республика алаңына барып орналасып, шерушілерге барынша қарсы шығуға дайын тұрдық. Бірақ олардың арам ойлары тез арада өзгеріп,  жаппай тәртіпсіздік орын ала бастады. Сол кезде біз алаңнан азаматтарды ығыстыра бастадық. Біз Наурызбай батыр көшесіне дейін алға жылжып, Сейфуллин көшесіне дейін шықтық. Біздің арнайы құралдарымыз аяқтала бастады. Сол кезде бұзақылардың үлкен легі бізге қарсы келді. Сарбаздарды соққыға жыға бастады. Мен алға шығып, сарбазды өзіміздің арамызға алғым келді. Себебі сарбазды қарсыластың қолында қалдыруға болмайды. Сарбаздарды арашалап, ортамызға алғым келген кезде бұзақылар мені соққыға жыға бастады, мен де барынша қарсыласып жатырмын, бірақ олардың көптігі сонша, олардың соққылары бірінен кейін бірі тиіп жатты, - деді Көлбаев. 

Ол есін бірде жинап, бірде жоғалтқанын айтты.

Сол сәтте олардың арасынан біреуі басыма темір арматураны тығайын деп жатты, бірақ арасынан біреуі «Болмайды, өлтірмеңдер!» деп айқай салғанын естідім. Бір топ адам тоқтап қалды. Олардың барлығы қазақтың жап-жас балалары болатын. Үстімдегі қорғаныш әскери киімімді шешіп тастады да  «бара бер» дейді. Мен шала-шарпы, есім кіресілі-шығасылы күйде әрең дегенде қаруластарыма жеттім, - деп есіне алды ол. 

Жандос Жамалұлы қызмет барысында қарамағындағы әскери қызметшілердің ойымен санасып, жеке құраммен тығыз байланыста жұмыс атқаратынын айтты. 

Шынайылық, жоғары адамгершілік, қандай жағдайда да кез келген адамға қол ұшын беріп, көмек көрсету – оның өмірлік ұстанымы.  Жандос Көлбаев маусым айында мерзімінен бұрын «полковник» шеніне ие болғанын айта кеткен жөн.

«Ең басты мотивациям – отбасым»

Былтырғы қаңтар айында Алматыдағы бүліктің әлегі подполковник Мерей Қонысбаевты да айналып өтпеді. Ұлттық ұлан офицері қару асынып, қолына таяқ ұстаған 15 ереуілшіден соққы алып, түрлі дене жарақатымен және сол аяғын сындырып ауруханаға түседі. 

Қаңтардағы қасірет: Ел үмітін ақтаған батырлар

Тәртіпсіздік кезінде подполковник Мерей Қонысбаев 5571 әскери бөлімі жеке құрамының бір тобына басшылық жасаған. Жеке құрам өздеріне қойылған тапсырманы орындау үшін түнімен қас қақпай, дамылдамай, қаладағы жаппай тәртіпсіздікті тоқтатуға тырысты және соған қол жеткізді. 

Қаңтар оқиғасы кезінде танытқан батыл әрекеті және жауынгерлік міндеттерін адал орындағаны үшін кейіпкеріміз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен мемлекеттік награда ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. 

Бұл - менің ғана марапатым емес, Ұлттық ұландағы еліне адал барлық әскери қызметшінің ортақ марапаты деп білемін. Отанға қызмет етуде бізде батыл және нақты әрекет болу керек. Осындай жоғары құрметтеріңіз үшін рахмет. Менің ең басты мотивациям – отбасым, отбасымның қолдауы мені жігерлендіреді, – дейді подполковник Қонысбаев.

2022 жылдың 20 желтоқсанында Алматыда «№1 жыл таңдауы – Жыл адамы» фестивалінің лауреаттарын марапаттау салтанаты өтті. 

«Алтын Адам» ұлттық сыйлығының «Отанға қызмет еткені үшін» номинациясы бойынша Ұлттық ұлан офицері – подполковник Мерей Қонысбаев атанды.

«Мұндайды көрмеген едік»

5 қаңтар күні 5511 әскери бөлімінің жауынгері Мұхтар Үсенов  жедел әскери резерв құрамында болып, жаппай тәртіпсіздіктердің жолын кесуге және қала әкімдігінің қорғанысына қатысады. 

Қаңтардағы қасірет: Ел үмітін ақтаған батырлар

Жаппай тәртіпсіздіктерді тоқтатуға тырысқан ұландықтардың 17-сі қоршауда қалып қояды. Мұхтар Үсенов бірден шиеленіскен топ құрсауынан шығу туралы шешім қабылдайды және сарбаздарды жауынгерлік тәртіпке қайтарады. Осы кезде митингіге шыққан қалың топтан оларға қарай оқ атылып, Мұхтар Үсеновтің оң аяғының 2-ші метатарсальды сүйегіне оқ тиіп, ауыр жарақат алады. Алайда ол ашық оқ жарақатына қарамастан, өзіне сеніп тапсырылған сарбаздарды жалғыз қалдырмай, қауіпсіз жерге алып шығудың жолын табады. Басына төнген тікелей қауіпке қарамастан, қарамағындағы ұландықтарды қайтадан шепке қосады.

Сол күні дабылмен көтергендіктен, ротаға жиналдық. Алматыдағы шеру туралы ақпарат тарап жатқанымен, қала іші ол уақытта  тыныш болған. Әскери бөлімге келген соң әкімшілік алдына аттандық. Сағат күндізгі 12-лер шамасында көпшілік жиналып, наразылықтарын білдіре бастады. Резервтің кері кетуі немесе ауысуы туралы нұсқау болмады, өйткені ол мүмкін емес те еді, себебі толқулар уақыт өткен сайын екпін алып, халықтың қарасы қалыңдай берді. Кешкі 19.00-ден кейін жағдай тіпті ушыға бастады. Жұрт тынышсыздана бастады. Шулап, біріне-бірі қосылып, одан сайын өрши түсті. Мұндайды көрмеген едік. Осы жағдайлардың соңы түнге қарай жаппай бассыздықтарға ұласып кетті ғой. Шындап алаңдай бастадық. Себебі әскери формадағыларға деген агрессия байқалды, заттар лақтырып, шептерді бұзып, қолға түскендердің құралдарын тартып алу әрекеттері боп жатты, - дейді Үсенов. 

Ол атағандай, бір топ сарбаз сондай бір толқынның арасында қалып қойған. 

Әр сарбаз өзіме жүктелген аманат болған соң, командир болған соң, қайтсем де қоршаудан алып шығу керек екенін сезіп тұрмын. Жанталасып, барынша абай әрі шапшаң қимылдап, қатарға әкеп қосып жаттым. Соққы да алып жаттық. Ол оқ па, жоқ зат па тиіп жатқан, оны түсінетіндей халде емес едік. Осы бір сәттің аса қауіпті екенін білдім, алайда менде басқа нұсқа болған жоқ. Мен жауынгерімді, соңымнан ерген сарбазымды тастап кете алмадым. Әйтеуір бір есімді жисам, КамАЗ көлігінде кетіп барады екенбіз. Естен танғаныма қарағанда, ауыр жарақат алған шығармын деп ойлап үлгергем жоқ, әрі қарай талықсып кетіппін. Келесі бір ес жиғанда ауруханада жатыр екенмін. Бұл уақытта маған ота жасалған. Дәрігерлердің айтуынша, жағдай ушыққанда ту сыртымнан бірнеше рет аяғыма оқ атылыпты, - деді ол.

Мұхтар Үсеновтың аяғының сүйегі үш жерден сынған екен, көп қан жоғалтқан. 

Қансырап жатқанымды көрген қаруластарым бірдеңе қылып мені әскери техникаға дейін көтеріп апарып, ауруханаға жеткізіпті. Дәрігерлер «Алаңда қалай боп жатыр жағдай? Мына жарақатыңыз сұмдық қой. Көрер жарығыңыз бар екен» десіп жатты, – дейді Мұхтар сын сағатты еске алып. 

Мемлекет басшысының Жарлығымен қатардағы Мұхтар Үсенов ІІІ – дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.

Бульдозерді тоқтатқан жауынгер 

2022 жылдың 5 қаңтарында сағат 02:18 шамасында тәртіп бұзушылар  бульдозер ауыр техникасымен Ұлттық ұлан әскері және полиция қызыметкерлерімен бірге тұрған жауынгерлік тізбекті бұзып өтіп,  қалалық әкімшілік ғимаратын қиратуды көздейді. 

Қаңтардағы қасірет: Ел үмітін ақтаған батырлар

Сол уақытта ұлан жауынгерлерінің қатарында қасқайып тұрған бөлімше командирі Самандар Ташкенбаев тәртіп бұзушылардың тобын бұза өтіп, бульдозер техникасының жүргізушісіне қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін қолдана, көлік жүргізушісін орнынан күшпен шығарып, бульдозер техникасын тоқтатып бірнеше адам өмірін сақтап қалады.

Оқиға орнында тәртіп бұзушылардың теріс ойы іске аспағанын байқаған арандатушылар, көлікті басқарған Самандардың тарапына бірнеше адам оқ жаудырған. Сол сәтте тәртіп бұзушылар тарапынан атылған оқтардың бытыралары бірінен соң бірі Самандардың оң аяғының жамбасын және оң қолының білегін жарақаттады. Лезде әрекет еткен әскери бөлімнің медициналық тобы Самандарды қалалық ауруханалардың біріне жеткізіп шұғыл ота жасалды. 

Елі үшін жасалған ерлік те елеусіз қалмады. 2022 жылдың 23 маусымында өзінің әскери және қызметтік міндеттерін атқару кезінде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы және еліміздің ұлттық қауіпсіздігін, заңдылығы мен құқықтық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үшін Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. 

Өзгелердің жаңалығы