Қаңтарда ел экономикасы 3,9%-ға өсті

13 Ақпан 2024, 10:25
490
Бөлісу:
Қаңтарда ел экономикасы 3,9%-ға өсті
Фото: скрин

Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Биыл қаңтар айының қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 3,9% болды. Оның ішінде нақты сектор – 3,8%-ке, ал қызмет көрсету саласы – 3,5%-ке өсті. Салалар арасында ең жоғары өсуді құрылыс, көлік және қоймалау, ақпарат және байланыс, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі көрсетті, - деді Байбазаров.

Ал негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 0,6% болды.

Үкімет мүшесінің сөзінше, инвестициялар ағыны білім беруде – 3,6 есеге, қаржы және сақтандыру қызметінде – 3 есеге, көлік және қоймалауда – 2,1 есеге, құрылыста – 2 есеге, ақпарат және байланыста – 20,9%-ке, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібінде – 15,8%-ке өсті.

Өңірлер арасында ең жоғары өсу Жетісу, Ұлытау, Жамбыл және Алматы облыстарында байқалды. Алдын ала қорытынды бойынша 2023 жылы сыртқы сауда тауар айналымы 3,2%-ке өсіп, 140 млрд долларға жуықтады. Экспорт 79 млрд долларға жуықтап, оның ішінде өңделген тауарлар экспорты 25 млрд-тан аса долларға жетті. Тауарлар импорты 61 млрд доллардан асты. Жалпы, оң сауда балансы 18 млрд долларға жуық, - деп айтты Нұрлан Байбазаров Үкімет отырысында.

Өзгелердің жаңалығы