Қаңтар оқиғасына куә болған сақшы қыздар жайлы фильм жарыққа шықты

8 Наурыз 2022, 16:40
2081
Бөлісу:
Қаңтар оқиғасына куә болған сақшы қыздар жайлы фильм жарыққа шықты
VIDEO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Jambylinfo ақпарат агенттігі қаңтар оқиғасына куә болған сақшы қыздар жайлы қысқаметражды деректі фильмді жарыққа шығарды,  деп хабарлайды Polisia.kz.

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында түсірілген деректі фильмнің кейіпкері – Жамбыл облысы ПД баспасөз хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлова. Ол қаңтар оқиғасы кезінде куә болған жайттарды, басынан кешкен сезімдерді әңгімелейді.

 Бәріміз де адам баласымыз, ет пен сүйектен жаралдық, дүрбелең ушыққанда қорыққанымыз рас. Кешкі тоғыз жарым шамасында қалалық басқармадан шығып, орталық алаңға бет алдық. Адамдардың бәрі сонда жиналып жатқан еді. Үй-жай қалды, ойымызда – тек жұмыс. Қасымда Жанерке есімді тағы бір полиция қызметкері бар. Қолымызда қару жоқ. Достық алаңына жетем дегенше, небір күйді бастан кештік, – дейді Гүлсара Мұқтарқұлова. 

Фильм барысында ол ішіндегі өкінішін де жеткізеді. 

Түнгі екі жарым шамасында ғимараттарды өртей бастады. Төрт ғимаратымыз өртенді. Қыздарым “Мама, қойшы, жыламашы” деп мені жұбатып әлек. Бірақ қалай жыламайсың?! Жұмыс орнымыз, музейіміз, ондағы тырнақтап жинаған экспонаттарымыздың бәрі тып-типыл болды, – дейді сақшы келіншек. 

Гүлсара осындай қырғынның енді ешқашан қайталанбағанын тілейді. 

Мені қуантатын екі жайт бар. Біріншісі, мен осы оқиғадан кейін полицейлердің қатары сиреп қала ма деп қорықтым. Жоқ, ондайды байқамадым. Екінші қуантқаны, күн сайын бізге әлеуметтік желілер арқылы отыз-қырық шақты адам жазып, жұбату сөздерін айтып, рухани қолдау білдіруде. Бүлінгеннің бәрі орнына келер. Болашақта бұдан да жақсы күндерге жетерміз. Тек мынадай сұмдық енді ешқашан қайталанбаса екен деймін, – деді ол.

 

Өзгелердің жаңалығы