«Желмая» жобасының кезекті кейіпкері адвокат Абзал Құспан қаңтар оқиғасы туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Биыл елімізде орын алған Қаңтар оқиғасынан соң «AMANAT» қоғамдық комиссиясы құрылған болатын. Бағдарлама барысында оқиғадан күні бүгінге дейін атқарылған жұмыстар жөнінде мәлімдеді.
Жұмысымызды қаңтардың 24- нен Алматы изоляторынан бастадық. Содан бері 5300 қылмыстық іс тіркеліп, 1600 азамат анықталып, көпшілігі қамауға алында. Оның 500-ден астамы үй қамауына алмастырылып,600-ден астам азаматпен тергеуде пікірлесіп, себебін анықтадық,-дейді ол.
Сондай-ақ рақымшылық қабылдау туралы жұмыс тобына қатысып, оның қабылдануына ат салысқандарын айтады.
Рақымшылық туралы Президент әкімшілігіне өтініш жазып, қазіргі таңда заң бойынша біраз азамат босатылуда. Біздің комиссия әлі де тұрақты түрде жұмыс жасап отырмыз, - дейді ол.
Және оның сөзінше қаңтар оқиғасына қатысқандармен пікірлесу барысында көпшілігі араңдатушылардың құрбаны болғанын айтады.
Жауапқа тартылғандардың көпшілігі оқиға орнынан қару алып, үйге сақтап қоюын түсіндіре алмайды. Және олардың көпшілігі – бұрын сотты болмаған, жауапкершілікке тартылмаған жастар. Осындай қазақы тәрбие алып, тәртіп бұзбай жүрген жастардың бір күнде қылмысқа араласуы немқұрайлы қарайтын жағдай емес. Сондықтан бұл жерде тек құқық қорғау органдары ғана емес, психолог мамандар да белсенді жұмыс атқару керек, дейді ол.