Қаңтар оқиғасы. Полиция департаментіне қатысты сот процесі ашық өтеді - Бас прокуратура

14 Желтоқсан 2022, 18:02
14111
Бөлісу:
Қаңтар оқиғасы. Полиция департаментіне қатысты сот процесі ашық өтеді - Бас прокуратура

Бұл туралы Бас прокуратураның Қылмыстық қудалау қызметі бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Жалпы, Қаңтар оқиғасы бойынша 1 350 адамға қатысты 673 іс сотқа жіберілді. Оның ішінде 1 113 азамат сотталды. 315 адамға қатысты 127 қылмыстық іс тергеу сатысында. Мәселен, Қызылордадағы тәртіпсіздіктер кезінде қаскүнемдер жүк көлігін басып алып, Ұлттық ұланның мерзімді қызметінің әскери қызметшісі Қайсаровқа шабуыл жасалып, ол алған жарақаттарынан сол жерде қайтыс болды. Қылмыс фактісі осы жылдың басында әлеуметтік желілерде кеңінен таралған видеода түсірілген. Осы қатыгез қылмысты жасағаны үшін кінәлі адам 17 жылға бас бостандығынан айырылды, - деп атап өтті Бас прокуратура өкілі. 

Айтуынша, тәртіп сақшылары өлім қаруын қолданбаған.

Тәртіпсіздіктердің шыңында да полиция қызметкерлері өлім қаруын қолданбады, бірақ шабуылдаушыларға қарсы қолда бар арнайы құралдарды қолданды. Дәл осы себепті жараланғандардың басым көпшілігі қауіпсіздік күштері арасында. Сол күндері әртүрлі жарақаттармен 3 393 құқық қорғау органдарының қызметкерлері ауруханаға жатқызылды. Олар өздерінің қызметтік және әскери міндеттерін адал орындады. Азаматтардың құқықтық тәртібі мен тыныштығын қамтамасыз етті. Кейбір саналы азаматтар тұтқынға түскен және жараланған қызметкерлер мен әскери қызметшілерге көмек көрсетіп, оларды көпшіліктің бөлшектеп тастауына жол бермеді, - деді Елдос Қилымжанов. 

Сондай-ақ полиция департаменттерінің ғимараттарын тастап кеткен қызметкерлердің болғанын да алға тартты. 

Өкінішке қарай, мемлекеттік және қоғамдық қауіпсіздік мүдделеріне қайшы, қарсылық көрсетпей, қызметкерлер қару-жарақ пен оқ-дәрілер орналасқан Алматы және Жамбыл облыстарының полиция департаменттерінің ғимараттарын тастап кеткен фактілері де орын алды. Алматы қаласы, Алматы және Қызылорда облыстары Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменттерінің лауазымды тұлғалары да әрекетсіздік танытты. Осы фактілер бойынша арнайы прокурорлар тергеуді аяқтады, қазіргі уақытта қылмыстық іс материалдарымен танысу рәсімі жалғасуда. Сонымен қатар қауіпсіздік күштері тарапынан тергеудің рұқсат етілмеген әдістерін қолдану фактілері тіркелді. Қазір ұсталғандарға дене жарақатын келтірген Алматы облысы полиция департаментінің бірқатар қызметкерлеріне қатысты сот процесі жүріп жатыр, - деді Қылмыстық қудалау қызметі бастығының орынбасары. 

Белгілі болғандай, процесс бұқаралық ақпарат құралдарын тарта отырып, ашық форматта өтеді.

Өзгелердің жаңалығы