Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов арнайы митингінің қандай жағдайда тоқтатылатынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2020 жылы бейбіт жиналыстар туралы жаңа заң күшіне енді. Митинг ұйымдастыру процесі рұқсат беру жүйесінен хабарлама қағидатына көшті. Қазір қарым-қатынас тек акция ұйымдастырушы және жергілікті атқарушы орган арасында орын алады. Митингке қатысушылар тарапынан қоғамдық тәртіп сақтау міндетті ұйымдастырушыға жүктелген, – деді Ахметжанов.
Министрдің айтуынша, осыған орай полицияның қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету әдістері өзгерді.
Қару мен арнайы құралдармен жабдықталмайды. Қызметкерлер митингіге жақын жерге орналасады. Жиналғандармен тікелей қарым-қатынас жүргізбейді. Полиция митингіні тоқтату үшін тек азаматтардың өмірі мен денсаулығына, қоғамға қауіп төнсе, мүлікке залал келтіру, әлеуметтік, нәсілдік, діни алауыздықты қоздыру сондай-ақ Конституциялық құрылысты, аумақтық тұтастықты күшпен құлату жағдайларында ғана тартылады, – деді ол Мәжілістің жалпы отырысында.
Министр Қаңтар оқиғасы кезіндегі шеруде тура осындай алгоритм қолданылғанын атап өтті.
1-3 қаңтар аралығында жиналған азаматтар әлеуметтік-экономикалық мәселелерді көтерді. Жағдай 6 өңірде орын алды. Үкімет пер әкімдер мәселені шешу үшін бүкіл күш-жігерін жұмсады. 4 қаңтарда 8 өңірдің тұрғындары қосылды. Бүкіл жерде түсіндіру жұмыстары жүргізілді, – деп мәлімдеді Ішкі істер министрі.