Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің депутаттары еліміздің азаматтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелері бойынша уәкілетті мемлекеттік органдармен және мүдделі ұйымдармен кездесу өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Комитет мүшесі Бауыржан Қаниев кездесу барысында қазақстандықтарды алаңдататын мәселелерге тоқталды. Атап айтқанда, Отбасы банкінің және екінші деңгейдегі банктердің алдын ала және аралық тұрғын үй қарызындағы пайыз мөлшерінің жоғарылығы, көптеген азаматтарда ипотекалық несиелеу кезінде бастапқы жарнаға қаражаттың болмауы туралы айтылды.
Азаматтардың сатып алу қабілеті, жалақы мөлшері мен тұрғын үй бағасы арасында едәуір алшақтық бар. Сондай-ақ, ауылдарда тұрғын үймен қамтамасыз етудің мемлекеттік бағдарламасын іске асыруда сәйкессіздік пен қазір шешуді қажет ететін басқа да мәселелер бар, - деді сенатор.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өкілі өз кезегінде депутаттарға халықты тұрғын үймен қамтамасыз етудің негізгі көрсеткіштері туралы айтып берді. Олардың қатарында кезекте тұрғандардың жекелеген санаттарын мемлекеттік қолдау шаралары, тұрғын үй құрылысына қарқын беру шешімі, жеке тұрғын үй құрылысын дамыту, сондай-ақ тұрғын үй саясатындағы заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстар айтылды.
Экономика, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, ауыл шаруашылығы министрліктерінің, сондай-ақ Түркістан және Павлодар облыстары әкімдіктерінің өкілдері халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету саласындағы жағдайды жақсарту жөніндегі ұсыныстарын айтты.
Кездесу қорытындысы бойынша проблемалық мәселелерді шешу тетіктері әзірленетін болады, олар кейіннен Үкіметке жіберілетін ұсынымдарда көрсетіледі.
Жақын арада Парламент «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарайтын болады, оған осы кездесуде айтылған ұсыныстар да кіреді.