Қаңғыбас иттерді баға беретін болсақ, бюджетке салмақ әкеледі - депутат

Бөлісу:
Қаңғыбас иттерді баға беретін болсақ, бюджетке салмақ әкеледі - депутат
Фото: Мәжіліс

Мәжіліс депутаты Ерболат Сатыбалдин қаңғыбас иттерді ұстап, баға беретін болсақ, мемлекеттің бюджетіне салмақ әкелетінін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Әлемде бұралқы иттерге қатысты екі практика бар, бірі ұстап, зарарсыздандыру арқылы өз ортасына қайта жіберу. Екінші тәсіл иттерді қайтарымсыз аулау, оның да екі түрі бар, бірінші оны өмір бақи бағу, екіншісі жансыздандыру. Одан бөлек, заң жобасы аясында бұралқы иттердің саны мен олардың қаупін азайту мәселесі талқыланып жатыр, - деді Ерболат Сатыбалдин.

Депутаттың сөзіне қарағанда, бұралқы иттердің тағдырына қатысты көпжақты пікір бар. Айтуынша, иттерді қайтарымсыз аулауды қолдайтын кісілер бар, олардың дәлелдері бар.

Кейбірі иттерге вакцина егіп, зарарсыздандыру арқылы өз ортасына қайта жіберу керек деп санайды. Иесі бар иттерге қатысты 2021 жылғы заңда жауапкершілік туралы бап бар, өкінішке қарай ол бап қазір жұмыс істемей тұр. Қазір осы бапты толықтыру жағы қаралып жатыр. Қазіргі есеп бойынша 300 мыңдай қаңғыбас ит бар дейді, олардың бәрін бір мезетте аулап, зарарсыздандыруға 15 млрд теңгедей қаржы қажет, одан бөлек жыл сайын вакцина егу керек. Сондықтан бюджет бойынша мемлекетке салмақ салмау жағын да ойластыруымыз керек. Ең бастысы адамдардың, қоғамның қауіпсіздігі, - дейді мәжілісмен.

Депутат атағандай, Экология министрлігінің өз есептері бойынша бір бас итті тамақтандыру, күтіп ұстау, қарауға күніне 5000 теңге кетеді.

Бұл министрліктің бізге берген бағасы. Енді бұл соманы есептеп көрсек, миллиардтаған ақша шығады. Енді қаңғыбас иттерді ұстап, баға беретін болсақ, мемлекеттің бюджетіне салмақ әкеледі. Депутаттардың берген заң жобасында иттерді ұстағаннан кейін егер ол бұралқы ит болса, оны 15 күннің ішінде жансыздандырып, оған шығын шығармау керегі ұсынылып отыр. Ал енді зооқорғаушылардың пікірінше, иттерді ұстап, одан кейін оларды өмір бақи бағу керек. Өмір бақи бағу деген, яғни Экология министрлігі айтқан 450 млрд теңге қазіргі есеппен жыл сайын бюджеттен бөлініп отыруы керек. Ит тез өсетін жануар, яғни жылына 3-4 реттен туатынын ескерсек, онда ол үлкен сомаға айналады. Мысалы, бір ғана жұп ит 5 жылда 12 мыңдай болады, ал 10 жылда одан тараған ұрпақтары 60 млн болады екен, - дейді депутат.

Сатыбалдин жоғарыда айтылған ұсыныстар жұмыс тобында талқыланатынын атап өтті.

Алдымызда тұрған ең бірінші мәселе – азаматтарымыздың өмірі, денінің саулығы. Қазір біз олардың (иттердің – ред.) бәрін толық жойыңдар деп отырған жоқпыз. Осының ортасын табуымыз керек, - деп атап өтті Мәжіліс депутаты.

Бүгін Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті “Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы” заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өткізді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Зауре Ахметова биыл 32 мыңнан астам адамды ит қауып алғанын айтты. Ал Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев қаңғыбас иттерді күтіп ұстауға бөлінетін ақша мен оқушыларға бөлінетін ақшаны салыстырды.

Өзгелердің жаңалығы