Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова Президент Тоқаевтың қаңғыбас иттерге байланысты айтқан сынына қатысты ойын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлерден қайғыбас иттерге қатысты арыз-шағымдар жекесіне жиі түсетінін айтқан болатын.
Шын мәнінде (қаңғыбас иттерге қатысты – ред.) арыз-шағымдар бар. Бұл мәселені көре тұра үнсіз қалуымыз керек пе? Бастысы осы. Экология министрлігінің жедел желіні құрғандағы мақсаттарының бірі де түсетін арыз-шағымдардың көптігі себебінен, - деді министр.
Зүлфия Сүлейменова жедел желіге қандай арыздар түсетінін айтты.
Арыз-шағымдар әртүрлі болады. Мысалы, жануарларға қатыгездік танытуға, кейде керісінше жануарлардың адамдарға шабуылдауына, иелерінің үлкен иттерді босатып (өз еркімен қыдыруға – ред.) жіберуіне қатысты. Себебі кейде бұл иттер адамдарға тап беріп жатады. Мұндай мәселелерді үнсіз қалдырмай, шешу қажет, - деп пікір білдірді Экологиямині басшысы Үкіметтің кулуарында.
Бүгін Үкіметте Президенттің төрағалығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңес өтті. Кеңес барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі білім саласын сынға алып, білімді қалай объективті бағалау керегін ойластыруды тапсырды.