Қаңғыбас иттер ауылдың қойларына шаба бастаған

26 Қыркүйек 2022, 13:19
1300
Бөлісу:
Қаңғыбас иттер ауылдың қойларына шаба бастаған
Фото: автордан

Павлодар облысы Успен ауданындағы бір бүтін ауыл тұрғындары қаңғыбас иттерден қорқып отыр. Халық үйдегі төрт-түлік үшін ғана емес, өз өмірлерін үшін де алаңдаулы, деп хабарлайды  Павлодар облысындағы BAQ.KZ  тілшісі.

Бүгінгі таңда Равнополь ауылдық округіне қарасты Таволжан елді мекенінде 500-ге жетер-жетпес халық бар. барлығы мал ұстаумен күн көреді. Олардың айтуынша, соңғы уақытта қаңғыбас иттер ауылға кіріп, қой-ешкіге шаба бастаған.

Ауыл тұрғыны Сәкен Рақымжановтың айтуынша, иттер осы күнге дейін оннан астам қойды жеп қойған. 

Басқа елді мекеннің тұрғындары ауылымыздың шетіне күшіктерді тастап кетеді. Өз басым қаңғырып жүрген 12 итті көрдім. Қабаған. Үйімдегі онға жуық қойды жарып кетті. Отбасым үшін бұл – мол шығын. Қойларым асыл тұқымды болғандықтан, кқмақты қаражаттан айырылдым. Осы күнге дейін халық болып полицияға да, әкімдікке де шағымдандық. Әзірге нәтижесін көрмей отырмыз, - дейді Сәкен Рақымжанов.

Мал ұстайтын ағайынның есебінше, жыл басынан бері ашыққан иттер 40-тан астам қойды жарып жіберген. Шығын екі миллион теңгеге жуықтапты. Равнополь ауылдық округінің әкімдігі тиесті шараларды қолға алса да, нәтиже көңіл көншітпейді. Қазіргі уақытқа дейін жұрттың мазасын қашырған 50-ден астам төрт аяқтыны ұстап алған. 

Облыстық ветеринария басқармасының бөлім басшысы Ғалым Бейсеновтің хабарлауынша, заң бойынша қаңғырып жүрген жануарларды үкіметтік емес ұйымдарға тапсыру керек. Жанашырлар ит-мысықтарды тәлімбақтарға алып, кейін қожайындарын іздеуі шарт. Дегенмен, өңірде иесіз қалған жануарларға арналған орталықтарда орын тапшы. 

Қолданыстағы заң бойынша иттер адам өміріне қауіп төндірсе, атуға рұқсат бар. Бірақ, қауіп деңгейін анықтау қиынға соғып отыр. Себебі, иттің адамды қабуы немесе жай үруін ажырату күрделі болып тұр. Қауіп деңгейінің жоғары екенін дәлелдеу үшін видео немесе екі куәгердің анықтамасы ұсынылуы шарт. Бірақ, заңда бұл жағы да ашық нақтыланбаған. Таволжан ауылының шағымдары бойынша иттер ауланды. Бұл іспе жергілікті билік өкілдері айналысады, - дейді Ғалым Бейсенов.

Айта кетейік, үстіміздегі жыл басынан бері облыс аумағында екі мыңнан астам көше кезген жануар ұсталған. Арасында сырқаттанғандары ұйықтатылды. Ал бір бөлігі жануарлар жанашырларына тапсырылды. Жаңа заң бойынша атқарылған жұмыстарға қарамастан, қабаған иттердің үй жануарларына шабуыл жасау деректері тіркеліп жатыр. осы уақытқа дейін 40-қа жуық факті тіркелген. 

Өзгелердің жаңалығы