Тағы қандай гранттар бар, оны қалай алуға болады?

12 Тамыз 2024, 09:11
826
Бөлісу:
Тағы қандай гранттар бар, оны қалай алуға болады?
Фото: Арман Мухатов

Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желі арқылы ақпарат бөлісті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

«Грант алмаған жағдайда не істеу керек?» деген жазбамнан кейін, әлеуметтік желілер арқылы бірнеше мың сұрақтар мен өтініштер келіп түсті. Негізгі сұрақтарға жауап берейін, - деді ол.

ЖОО-лардың ішкі гранттары немесе «ректорлық» гранттар бойынша.
а) Бұл гранттар, әдетте, стипендияны қамтымайды, тек тегін оқуға құқық береді.
б) Олар конкурс негізінде және университеттердің сайттарында көрсетілген нақты критерийлер бойынша бөлінеді.

Университеттер мұндай гранттарды көптеп бере алмайды, өйткені бұл университеттің бюджетіне қосымша жүктеме болып, оқытушылардың жалақысын көтеру немесе құрал-жабдықтар/зертханалар сатып алу мүмкіндігін азайтады, - деді депутат.

Бірінші семестрдің қорытындысы бойынша бос білім гранттары туралы. Әдетте, әр семестрден кейін мемлекеттік гранттар босайды: студенттер оқу үлгерімі бойынша оқудан шығарылады немесе гранттан бас тартады.

Бұл гранттар әр семестрдің соңында ішкі конкурс нәтижелері бойынша ақылы бөлімде оқитын студенттерге тағайындалады. Сондықтан сіздер өз GPA көрсеткіштеріңізге және басқа да критерийлерге назар аударуларыңыз керек — сіздің үлгеріміңіз бен белсенділігіңіз қаншалықты жоғары болса, бос грант алу мүмкіндігіңіз де соншалықты артады, - деді Аймағамбетов.

Игерілмеген немесе «бас тартылған» гранттар туралы.

Тамызда гранттарды тағайындау нәтижелері жарияланғаннан кейін белгілі бір бөлігі игерілмей қалады (негізінен «Серпіннің» гранттары), ал тағы бір бөлігі студенттердің өздерінің бас тартуына байланысты бос қалады (негізінен бұл студенттердің 2, 3, 4-ші таңдаулары бойынша жеңіп алынған гранттары). Бұл гранттар әдетте қыркүйек айында қайта бөлінеді. Бірақ мынаны түсіну керек: Министрлік гранттарды өз қалауымен немесе «кімге жетпеді» немесе «кім көп шағымданды» деген принцип бойынша емес, еңбек нарығының қажеттілігі мен жиналған баллдарға сүйене отырып бөлуі тиіс. Демек, бұл гранттарды квоталарға байланысты грант ала алмағандарға ғана қайта бөлуге болмайды. Сондықтан басқа мүмкіндіктерді де қарастырған жөн, - деп жазды депутат.

Облыс әкімдіктерінің гранттары туралы.

Мұнда да гранттарды бөлу және тағайындау ережелері нақты белгіленген. Әкімдіктер белгілі бір облыстың кадр қажеттіліктеріне баса назар аударады және оқу аяқталғаннан кейін осы аймақта міндетті түрде жұмыс істеу шартын қояды. Облыстар өздері конкурс өткізіп, құжат қабылдау мерзімін бекітеді, - деді Асхат Аймағамбетов.

Әртүрлі коммерциялық ұйымдардың гранттары.

Бұл гранттар, ең алдымен, осы мекемені білікті кадрлармен қамтамасыз етуге бағытталады. Олар компаниялардың ішкі іріктеу ережелері бойынша беріледі. Гранттарды іріктеу және тағайындау ережелері туралы ақпаратты осы компаниялардың сайттарынан біле аласыздар, - деп жазды ол.

Түркістандағы Халықаралық туризм және қонақжайлылық университетінің гранттары. Құжаттарды профильдік пәндер комбинациясы «География» және «Шет тілі» бар үміткерлер тапсыра алады. Құжаттар әлі де қабылданып жатыр.

Әлеуметтік жағынан аз қамтылған санаттағы азаматтар үшін оқу ақысын төмендету бойынша жеңілдіктер алу мүмкіндіктері туралы. Университеттер өз деңгейлерінде түрлі жеңілдіктерді ұсына алады, бірақ бұл шешімдер қатаң реттеліп, коллегиалды түрде шешім қабылданады. Бұл мәселелер бойынша тікелей университеттерден ақпарат сұрау керек. Мемлекетаралық келісімдер аясында шетелдік мемлекеттерден бөлінетін гранттар туралы. Олардың саны өте көп. Ақпаратты «Болашақ» сайтынан табуға болады: bolashak.gov.kz. Гранттар «бакалавриат», «магистратура», сондай-ақ «докторантура» бағдарламаларына беріледі. Бұл гранттар оқу және/немесе тұру шығындарын қамтуы мүмкін. Мысалы, гранттарды Венгрия, Түркия (250 орын), Қытай (155 орын), Сауд Арабиясы (117 орын), Египет (30 орын), Оңтүстік Корея (20 орын), Польша (11 орын), Словакия (4 орын), Таиланд (5 орын), Жапония (3 орын) береді. Гранттар сондай-ақ ТМД елдерінің кейбір елдерінен де беріледі, - деп жазды депутат.

«Қазақстан халқына» гранттары.

Бұл гранттар 29 жасқа дейінгі тұлғаларға, яғни жетім балалар, аз қамтылғандар, ерекше қажеттіліктері бар тұлғалар және т.б. алты жеңілдік санатының біріне жататын тұлғаларға қолжетімді. Толығырақ ақпаратты қордың сайтынан қараңыз, - деді ол.

Кадрларды даярлауға 1% шеңберінде жер қойнауын пайдаланушылар бөлетін гранттар.

Ірі жер қойнауын пайдаланушылар гранттарды тұрақты түрде береді, бірақ, өкінішке қарай, бұл процедура жиі ашық емес және сыбайлас жемқорлыққа бейім болады. Ақпаратты олардың сайттарынан табуға болады. Қазіргі уақытта жұмыс тобында осы кадрларды даярлауға 1% мөлшерінде гранттарды бөлуде ашықтықты қамтамасыз ету жөніндегі түзету талқылануда. Берілген ақпаратқа қарамастан, шынтуайында гранттардың негізгі бөлігі бөлініп болды. Ал әлі де бөлінетін гранттар бойынша (олар көп емес) қатаң тағайындау ережелері бар. Сондықтан грант алмағандардың барлығына да грант беріледі деп үміттенудің қажеті жоқ. Айтпақшы, гранттарды тағайындау ережелері осында: https://adilet.zan.kz/rus/docs/V2300033345. Баршаңызға сәттілік тілеймін, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы