Қанат Шарлапаев Түркістанда кәсіпкерлікті қолдау стратегиясын жариялады

Онда өңірлік билік өкілдерімен және бизнес-қоғамдастықпен кәсіпкерлікті қолдау шаралары мен инвестициялық ахуалды дамыту мәселелерін талқылады.

 «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Кеше 2026, 19:51
Кеше 2026, 19:51
885
Фото: «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы

Бүгін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшысы Қанат Шарлапаев Түркістан облысына жұмыс сапарымен барып, өңірлік билік өкілдерімен және бизнес-қоғамдастықпен кәсіпкерлікті қолдау шаралары мен инвестициялық ахуалды дамыту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сапар аясында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровпен, Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңес мүшелерімен, прокуратура өкілдерімен және өңір кәсіпкерлерімен кездесулер өтті.

Бизнес өкілдерімен кездесу барысында Қанат Шарлапаев Түркістанның терең тарихы бар аймақ қана емес, сонымен қатар қарқынды дамып келе жатқан кәсіпкерлік орталығы ретіндегі ерекше рөлін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде облыс елдің рухани астанасы болумен бірге, шағын бизнесті дамытудың және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің тіректі аймақтарының біріне айналып отыр.

Шағын және орта бизнес – экономиканың негізгі қозғаушы күші

Үкіметтің кеңейтілген отырысының қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы кәсіпкерлікті экономиканы дамытудың негізгі тіректерінің бірі ретінде айқындап, мемлекет бизнеске кедергі емес, сенімді әріптес болуға тиіс екенін атап өтті.

Бүгінде шағын және орта бизнес – экономиканың басты драйверлерінің бірі. Ол елдің жалпы ішкі өнімінің шамамен 40%-ын қалыптастырып, негізгі капиталға салынатын инвестициялардың 70%-ға жуығын қамтамасыз етеді. Бұл кәсіпкерлердің жаңа жұмыс орындарын ашып, нарықты өніммен толтырып отырғанын әрі экономикалық өсімнің тұрақтылығын қамтамасыз етіп отырғанын көрсетеді.

«Атамекен» жұмысын жаңарту. Үш басым бағыт

Осыған байланысты Ұлттық палата өз жұмысын үш негізгі бағыт бойынша жаңғыртуға кірісті.

Бірінші – бизнестің жүйелі мәселелерін шешу.

Қолдау бағдарламалары кеңейтілгеніне қарамастан, қаржыландыруға қолжетімділік, кепілдік құралдары және банктік сүйемелдеу бойынша қиындықтар сақталуда. Палата жұмысы осы кедергілерді жүйелі түрде жоюға бағытталады.

Екінші – реттеуші ортаны бизнес мүддесіне сай трансформациялау.

Жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып, нормативтік-құқықтық актілерге кешенді ревизия жүргізу жоспарлануда. Бұл артық талаптарды, қайшылықтарды және кәсіпкерліктің дамуына тұсау болатын нормаларды анықтауға мүмкіндік береді. Міндет – мұндай мәселелерді Үкімет деңгейіне шығарып, нақты өзгерістерге қол жеткізу.

Үшінші – қаржыландыруға нақты қолжетімділік.

Президент тапсырмасы бойынша Үкіметпен бірлесіп «Іскер Аймақ» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы іске қосылды. Қаржыландырудың жалпы көлемі – шамамен 400 млрд теңге. Қаражаттың басым бөлігі өңірлерге, оның ішінде Түркістан облысына бағытталған. Бағдарлама бойынша мөлшерлеме жылдық 13,2%, несие сомасы 200 млн теңгеге дейін. Қаржыландыру өндірістік жобаларға – ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге, наубайханаларға, жеңіл және тамақ өнеркәсібіне, жиһаз және құрылыс материалдары өндірісіне бағытталады. 2026 жылы ел бойынша 5 мыңнан астам жобаны қолдау жоспарланған.

Орта және ірі бизнесті қолдау

Орта және ірі бизнес үшін жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың инвестициялық жобаларын сүйемелдеуге, қаржыландырумен және инфрақұрыммен қамтамасыз етуге, нақты жол карталарын іске асыруға басымдық беріледі. Инвесторларды «жасыл дәліз» тетігі, цифрлық платформа және туындайтын мәселелерді жедел шешуге арналған прокурорлық сүзгі арқылы цифрлық қолдау, сондай-ақ заңсыз тексерулер мен әкімшілік қысымнан қорғауды күшейту маңызды бағыттардың бірі болып отыр.

Ұлттық палатаның алдын ала отырысы

2026 жылдың 22 қаңтарында Ұлттық палатаның алдын ала отырысы өтіп, онда еліміздің барлық өңірлерінен жиналған кәсіпкерлер 145 жүйелі мәселені көтерді. Олар салықтық әкімшілендіруден бастап тарифтік саясат пен инфрақұрылымдық шектеулерге дейінгі мәселелерді қамтыды. Барлық ұсыныстар ескеріліп, Үкіметпен бірлесіп пысықталуда.

Қанат Шарлапаев кәсіпкерлікті дамыту «Заң және тәртіп» қағидатынсыз мүмкін емес екенін атап өтті. Капиталға қорғау, инвестицияға болжамдылық, экономикаға ашық әрі әділ ережелер қажет.

Түркістан облысы – азық-түлік қауіпсіздігінің орталығы

Түркістан облысы – елдің рухани астанасы әрі Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігінің қалыптасып келе жатқан орталығы. Өңір ұлттық азық-түлік резервінің негізіне айналуда, ал жергілікті кәсіпкерлердің үлесі елдің орнықты дамуы үшін стратегиялық маңызға ие.

Қорытындылай келе, «Атамекен» басшысы өзара іс-қимылдың жаңа формуласын айқындады:

Мемлекеттен – заң мен тәртіп. «Атамекеннен» – кәсіби қорғау және сүйемелдеу. Бизнестен – адал еңбек пен сапалы өнім. Әкімдіктен – инфрақұрылыммен қамтамасыз ету. Қожа Ахмет Ясауи бабамыз айтқандай: «Кемелдік – адал еңбек пен әділ жолда, – деп түйіндеді ол.

Жұмыс сапары «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өңірлік билік органдарымен және бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп, жобаларды жүйелі сүйемелдеуге, инвесторларды қорғауға және инвестициялық ахуалды дамытуға дайын екенін көрсетті.

Наверх