Жамбыл облысы, Шу қаласында жас ана мен сәбиінің өліміне қатысты тергеу басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жамбыл облысы Шу қалалық ауруханасында 26 жастағы Әдемі Ешенәлиева босануға барып, сәбиімен бірге жұмбақ жағдайда қайтыс болды.
Марқұмның әпкесі Алтынай Ешенәлиева әлеуметтік желіде дабыл қағып, дәрігерлердің салғырттығын айыптады.
Ауырып тұрмын деген келіншекке уақытылы қарамай, мән бермеген. Әжетханаға шыққан келіншек құлап, сол жерде 2,5 сағат жатып қалған. Сол немқұрайлықтың кесірінен іштегі сәбиден айрылып қалдық. Келіншек өзі ауыр халде жан сақтау бөлімінде жатыр. Дәрігер Алена Юровна науқастың медициналық картасын дұрыс қарамай, ЭКО-мен сәби көтергенін байқамаған. Қан қысымы көтеріліп тұрған кезде көмек көрсетпеген. Содан кейін келіншек құлап комаға түсті, – деді ол.
Аурухана басшылығы пациенттің ауыр преэклампсиядан есін жоғалтқанын, барлық қажетті медициналық көмек көрсетілгенін мәлімдеді.
Пациентті тәулік бойы реаниматологтар, гинекологтар, санавиация желісі мен телемедицина арқылы мамандар бақылап отырды, – делінген аурухананың ресми хабарламасында.
Алайда марқұмның туыстары медициналық қызметкерлердің немқұрайлығын айтып, кінәлілерді жауапқа тартуды талап етуде.
Әдемінің денесін мәйітханадан таппадық. Жертөлеге түскенімізде, есікті ашып қарасақ, жеңгемнің мәйіті сол жерде жатқан, – дейді марқұм келіншектің қайын інісі.
Жамбыл облыстық полиция департаменті бұл оқиғаға байланысты ҚР ҚК 317-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады. Денсаулық сақтау министрлігі де аурухана қызметіне тексеру жүргізуде.
Қайғылы оқиғаның нақты себептері сараптама нәтижелерінен кейін анықталмақ.