Ел Тәуелсіздігі туралы айта бастасақ, ойымызға Желтоқсан оқиғасының оралатыны рас. Ата-бабаларымыздың егемендік үшін өмір бойы арпалысып өткені сияқты, Желтоқсан оқиғасы да осындай ұлы күрестің жарқын бір белгісі болып қала береді. Осы ретте BAQ. KZ тілшісі желтоқсаншы Көкболат Сембаевпен сұхбаттасқан еді.
– Желтоқсан оқиғасына қалай тап болдыңыз?
– Мен 1986 жылдан бастап ҚазКСР Министрлер кабинетінде ағаш ұстасы болып қызмет істегенмін. Ауылдан келгендіктен, біраз уақыт жұмыс істеп, ес жиып алудың қамымен жүрдім. Сол жылы 17 желтоқсан күні кешкі сағат 17.00-ден кейін алаңға жұмыстағы 3 жігіт болып бардық. Жанымда Асқар және Мақсат деген жігіттер болды. Асқардың қазіргі мекенжайын білмеймін, ал Мақсат бұл өмірден өтіп кетті. Алаңға келіп, талабымызды қоя бастағанымызда аласапыран басталып кетті. Қыздарымыздың шашынан сүйреп, қан-жоса қылып сабағаны шымбайымызға батты. Оған жай ғана қарап тұру мүмкін емес еді, осылайша курсанттарға жабыла кетіп, дубинкадан талай соққы көрдік. Үсті-басымызды көгала қойдай етіп төмпештегендер қарусыз жастарды еш аямады, көліктерге қойша тиеп апарып, уақытша ұстау изоляторына қамады....
– Қамаудағы қасіретті оқиғаларыңыз жайында айта кетсеңіз.
– Біз 1 бөлмеде 16 адам отырдық, екеуі – үлкен кісі, қалғанымыз – кілең жастар болдық. Бәріміз бір күнде 17 желтоқсанда қамалдық. Қамауға алысымен бізді суретке түсіріп, қолхат алып, «халық жауы», «нашақор», «сатқын», «ұры» деген жала жапты. Күн-түн деместен, сағат сайын соққы жедік, құладық, талдық. Жанымыздың сірілігі болар, аман қалдық. Бізді 9 күннен кейін ғана босатты. Азаттыққа шығар алдында «сендерге сот қағазы толтырылып дайын тұр, мүлт кетсеңдер кем дегенде 25–30 жылға кетейін деп тұрсыңдар» деп қорқытты да, қамаудан шығарды. Алайда, соншама көрген қорлығымыздан кейін «қамауда отырды» деген бір жапырақ қағаз да бермегені біздің намысымызға тиді. Өз алдымызға ел болуды аңсаған бізге «бұрынғы күндеріңе шүкіршілік етіңдер» дегеннің кейпін танытты.
– Одан кейін жұмысыңыз, өміріңіз, жеке басыңыз қандай күйде болды? Үйдегі ағайын-бауырларыңыз не деді?
– Еркіндікке шала-жансар күйде шығып, әпкемнің үйіне бас сауғаладым. Бауырларым мені өлдіге санапты. Ауылдағы ата-анам көтеріліске менің де барғанымды, кейіннен хабар-ошарсыз кеткенімді естіп, «өмірден өтіп кетті-ау» деп жоқтау айтып, қайғыдан қан жұтыпты. Амандығымды естіген соң жақындарым менің әрекетімді сынай қоймады. Керісінше, өздері тәрбиелеген ұлдарының ұлтшыл, намысшыл екеніне қуанды. Алайда, Тәуелсіздігімізге дейінгі 5 жылда басымнан небір қиын жағдай өтті. Ақталмағандықтан, жұмысқа да тұра алмадым, кесірім жақындарыма да тиді. Жүрген жерімде «халық жауы» атандым. Тіпті, отбасын құрып, үй болудың мүмкін еместігін түсіндім. Айта берсе, әңгіме көп, шындығында, ел Тәуелсіздігіне ештеңе жетпейді. Мұны біз, желтоқсаншылар, жақсы түсінеміз.
– Тәуелсіздік алғаннан кейін өміріңізде өзгеріс болды ма?
– Желтоқсан оқиғасына қатыспай тұрғанда тұрғын үй кезегіне тұрған болатынмын. Кейіннен қиындықтан арылмай, үй кезегін естен шығарып та алдым. «Аққа құдай жақ» демекші, сол кездегі басшымыз менің үй алатын кезегім келгенін, оны алу үшін бірінші үйлі-баранды болуға тиістігімді ескертті. Ол кезде жүріп жүрген қызым да жоқ, дос-жарандарымның ішіндегі біреуінің қарындасымен танысып, отбасын құрдым. Сөйтіп, 1995 жылы үйлі болдым. Қазір 4 балам бар. Үлкен қызым бойжетті. ЖОО-да оқуға қаражат жетпеді. Сөйтіп, үйімізді сатуға тура келді. Қазір 6 адам болып басқа бір аядай үйді паналап отырмыз. Жағдаймызды тым жаман дей алмаймын. Алайда, қара жұмыс істегендіктен болар, зейнетақым 100 мың теңге көлемінде ғана. Қалада бұл қаражаттың жайлы өмір сүру үшін жеткіліксіз екені айтпасақ та белгілі. Қосымша жұмыс істеуге денсаулық жарамайды. Шындығында, желтоқсаншылардың көпшілігінің бүгінгі халі осындай, оны жасырудың қажеті жоқ деп ойлаймын.
– Сұхбатыңызға рахмет!