Бұл туралы адамның иммунтапшылық вирусымен (АИТВ) 6 жыл өмір сүріп келе жатқан және осындай диагнозы бар адамдарға көмектесіп жүрген әлеуметтік қызметкер BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында айтты.
Бізде бір қыз АИТВ жұқтырғаны үшін жігітін сотқа беріп, түрмеге отырғызды. Бірақ жігітке 4 жылдан 2 жылын ғана берді. Өйткені бұрын сотталмаған. Ол 9 жылдай есепте тұрған екен. Қыздың тұрмысқа шығам деп жатқан жігіті ғой. Қалыңдық жігітінде АИТВ барын тойға дайындалып жатқан кезде білді, - деді ол.
Әлеуметтік қызметкер сұхбатта АИТВ нашақорлар мен жезөкшелерге ғана жұғатын вирус емес екенін және одан ешкім сақтандырылмағанын айтты.
Әр адамның иммунитеті әртүрлі ғой. Біреулер жұқтырып, 10 жыл білмей жүре береді. Кейбіреулер 1 айдан кейін бірден сезеді. Иммунитеті әлсіз болса, бірден сезіледі. Сол қыз тексеріліп, тексеріліп, не болып жатқанын өзі де, дәрігерлер де түсіне алмай, АИТВ-ға қан талдауын тапсырып, нәтижесі оң болып шықты, - деп жалғастырды ол.
Әлеуметтік қызметкер ол жігіттің есепте тұрғанын қызға ешкім айтпайтынын, ол конфиденциалды ақпарат екенін жеткізді. Бірақ жігіт АИТВ бойынша есепте тұратынын кейіннен мойындаған.
"Иә, маған айтқан кезінде. Сенген жоқпын, жүре бердім ары қарай" депті. Қазір отырғызды және 5 миллион теңге моральдық шығын төледі, - деді ол.
Әлеуметтік қызметкер АИТВ-ны айтпай жұқтырған адамды сотқа беруді құптайтынын айтты. Сөзінше, мұндай жағдайлар қоғамға кеңірек тараса, көп адамды АИТВ жұғуынан сақтандыруға болады.
Әлеуметтік қызметкер сұхбатта өзінің оқиғасын да айтып берді. Оған АИТВ-ны күйеуі жұқтырған, себебі үйленген болса да, басқа әйелмен көңіл қосқан. Кейіннен вирус омыраудағы қыздарына да берілген.
Сұхбаттың толық нұсқасын мына жерден көріп, тыңдай аласыздар.