Қалалық мәслихат Қапшағайдың атауын Дінмұхамед Қонаев деп өзгерту туралы шешім қабылдады

25 Наурыз 2022, 12:25
1590
Бөлісу:
Қалалық мәслихат Қапшағайдың атауын Дінмұхамед Қонаев деп өзгерту туралы шешім қабылдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қ.Ахметтаевтың төрағалығымен Қапшағай қалалық мәслихатының әлеуметтік және мәдени мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы көпшілік тыңдау түрінде өтті. Бұл туралы Қапшағай қаласының мәслихаты Instagram парақшаларында хабарлады.

Тұрақты комиссия отырысында «Қапшағай қаласын «Дінмұхамед Қонаев» атымен қайта атау туралы» сұрағы бойынша Қапшағай қалалық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Б.Шәйкенованың баяндамасы тыңдалды.

Б.Шәйкенова өз сөзінде қала әкімінің атына өңіріміздің «Қамқор жүрек» және «Қапшағай самға» мүгедектер қоғамдық бірлестіктері, «Ана сәулесі» көп балалы налардың қоғамдық бірлестігі, «Семей полигоны» Қапшағай қалалық қоғамдық бірлестігі, «Алматы облысының орыс орталығы» қоғамдық бірлестігінің Қапшағай қалалық филиалы, ұйғыр және корей этномәдени орталықтары, «Қапшағай жарқын болашақ» қоғамдық бірлестік, «AMANAT», «Ақ жол», «Ауыл» партиялары, кәсіпкерлер кеңесі секілді бірқатар үкіметтік емес ұйымдарынан Қапшағай қаласына «Дінмұхамед Қонаев» атын беру туралы қолдау хаттар түскенін хабарлады, - делінген мәліметте.

Дінмұхамед Қонаевтың Қапшағай қаласының қалыптасуында маңызды орнын ескере отырып, Б.Шәйкенова қалалық мәслихаттың депутаттарын осы ұсынысты қолдауын сұрады.

Талқылау барысында қала атын қайта атау сұрағы бойынша қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Беспаев, Қапшағай қаласының Құрметті азаматы, алғашқы қала құрылысшысы А.Чжен, қала кәсіпкері Т.Авдинов, «Қапшағай жастар болашағы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Р.Сүлейменов сөз сөйлеп, өздерінің Қапшағай қаласын «Дінмұхамед Қонаев» деп қайта аталуын қолдайтындарын білдірді.

Дауыс беру нәтижесі бойынша Қапшағай қаласын «Дінмұхамед Қонаев» атымен қайта атау туралы шешім бірауыздан қабылданды.

Сонымен қатар, қалалық мәслихаттың тұрақты комиссиясы осы көпшілік тыңдаудың Хаттамасын жергілікті атқарушы және өкілді органдардың интернет-ресурстарында және «Нұрлы өлке» газетіне жариялау туралы қаулы қабылдады.

Көпшілік тыңдауға қалалық мәслихаттың депутаттары, қалалық мәслихаттың хатшысы С.Нұрсолтанова, қала әкімі Н.Құматаев, мемлекеттік мекемелердің басшылары, қаланың Қоғамдық кеңес мүшелері, Шеңгелді және Заречный ауылдық округтерінің жергілікті қауымдастықтарының, қалалық жастар орталығының, үкіметтік емес ұйымдарының, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және қала тұрғындары қатысты.

Өзгелердің жаңалығы