Digital Bridge 2025 форумы аясында өткен "ЖИ және қалалар: баяндау, кеңістік және қоғам" атты панельдік сессияда архитектор әрі ICON-M ғылыми жобасының жетекшісі Башаар Тарабай жасанды интеллектіні қалалық жоспарлау мен мәдени мұраны сақтауда қолданудың мүмкіндіктері мен тәуекелдері туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сарапшының пікірінше, болашақ қалаларын жобалауда өткеннің тәжірибесі мен адамдық факторды ескерудің маңызы зор. Оның айтуынша, тек деректерге сүйену жеткіліксіз — адамдармен тікелей байланыс орнатып, олардың естеліктерін, қажеттіліктерін және қорқыныштарын түсіну керек.
Біз қалаларды зерттейміз, сканерлейміз, деректер жинаймыз, бірақ бұл сурет ешқашан толық болмайды. Сондықтан адамдармен кездесіп, олардың неге мұқтаж екенін, неден алаңдайтынын түсіну қажет. Тарихты білу арқылы ғана қаланы және оның тұрғындарын дұрыс түсініп, болашақты дәлірек болжауға болады, — деді Тарабай.
Ол жасанды интеллект үлкен деректер мен спутниктік суреттерді өңдеуде таптырмас құрал екенін мойындай отырып, қаланың рухы мен мәдениетін сақтауда басты рөл бәрібір адамда қалуы тиіс екенін атап өтті.
Менің ең үлкен уайымым – ЖИ әсерінен қалалар өз болмысын, өз жандарын жоғалтып алуы мүмкін. Біз жасанды интеллектіні дұрыс бағыттап, оны мәдениетімізді құрметтеуге және қалалардың өзіндік келбетін сақтауға үйретуіміз керек. Әйтпесе, әлемнің түкпір-түкпірінде бір-бірінен айнымайтын, жансыз қалалар бой көтереді, — деді сарапшы.
Башаар Тарабайдың айтуынша, технологиялар адамның орнын басу үшін емес, қалалардың бірегейлігін сақтау мен мәдени мұраны қорғауға көмекші құрал ретінде қолданылуы керек.
Қаланың дамуы тек алгоритмдердің емес, адамдардың шешіміне негізделуі тиіс. Технология — қолдағы құрал, ал бағытты анықтайтын – адам, — деп түйіндеді ол.