Қарағанды облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 23 жастағы есірткі жасырып кетушіні ұстады, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Күдіктінің үйінде жүргізілген тінту кезінде ерекше иісі бар ұнтақ тәрізді зат, үш электронды таразы, zip-lоck қаптар және изолента тәркіленді. Жігіт интернет арқылы есірткі заттарын сатып алып, үйінде ұсақ пакеттерге салып, изолентамен шағын бумаларға орап, қаланың әртүрлі жерлерінде жасырып, фотокоординаттарды сатып алушыларға жіберіп отырған.
Тәркіленген заттарға жүргізілген сараптама қорытындысына сәйкес алынған зат 200 грамнан асатын психотроптық есірткі екені белгілі болды.
Күдіктіге қатысты Қылмыстық кодекстің 297-бабы “Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу” бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.