Қазақстанның соңғы жаңалықтары

"QAITADAN" фильмі STEPPE AWARDS сыйлығының жеңімпазы атанды

1 Қараша 2025, 06:35
352
Бөлісу:
 the-steppe.com
Фото: the-steppe.com

Қазақстандық көрерменнің ыстық ықыласына бөленген "QAITADAN" фильмі креативті индустриядағы беделді марапат – STEPPE AWARDS жеңімпазы атанды. Картина «Кинематограф» номинациясында үздік деп танылды. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

«QAITADAN» – режиссер Думан Еркімбектің толықметражды дебюттік туындысы. Фильм ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген. Жоба 2023 жылғы кино жобалар питчингінде жеңімпаз атанып, прокатта 1 миллиард теңгеден астам қаражат жинаған алғашқы отандық фильм ретінде тарихқа енді.

Фильмде қалада өскен Рауан есімді жігіт ауылда жұмбақ оқиғаларға тап болады. Мәселені шешуге тырысқан кейіпкер үлкен апатқа куә болады. Картина ұрпақ сабақтастығы, жауапкершілік, қауіпсіздік пен көмек қолын созу тақырыптарын қозғайды.

Басты рөлдерді Жасұлан Көпберген, Шұғыла Ешенова, Айбек Әзімбек және Ермек Шынболатов сомдаған. Түсірілім жұмыстары Алматы облысында өтті. Фильмде компьютерлік графика мен арнайы эффектілер кеңінен қолданылды. Қоюшы-суретші – Бекен Нарбай, продюсерлер – Жалын Тілеубергенов пен Талғат Сырманов.

STEPPE AWARDS – Қазақстандағы креативті индустрия саласындағы үздіктерді анықтайтын марапат. 2025 жылы сыйлықтар 16 номинация бойынша табысталды, оның ішінде кинематограф, театр, креативті IT, урбанистика, digital art және Steppe Women. Биылғы марапаттың тақырыбы – «Ренессанс». Ұйымдастырушылар ізденіс, даму және жаңғыру идеяларын айқын бейнелеген жобаларды атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы