Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихаты барысында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Сүйеніш Әбділдин мәлімдеді.
Қазіргі таңда «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы төрт негізгі бағыт – халыққа қызмет көрсету, әлеуметтік қамсыздандыру, жер кадастры, жылжымайтын мүлік және заңды тұлғаларды тіркеу салалары бойынша барлық мемлекеттік қызметтің 95,9%-ын көрсетеді. ХҚКО-лардағы адамдар трафигінің 80%-ы 10 түрлі мемлекеттік қызметке тиесілі. Олардың ішінде ЭЦҚ алу, көлікті тіркеу және жеке куәлік пен паспорт рәсімдеу – жоғары сұранысқа ие қызметтер. 2021 жылы 2,4 млн жеке куәлік пен паспорт рәсімделді. ІІМ көрсететін бұл қызмет автоматтандырылмаған, сондықтан қызметті алу кезексіз болмайды, - деп атап өтті басқарма төрағасы.
Сондай-ақ оның айтуынша, бұдан былай клиент барлық деректі өз бетінше толтыруға мүмкіндік болады.
ХҚКО-ларда жеке куәлік пен паспорт алуға өтінімдерді көші-қон полициясының екі қызметкері ғана қабылдайды. Әрі қарай клиент кассаға, содан соң фотоға түсу үшін екінші қызметкерге баруы тиіс. Бүкіл процесс 20-30 минутты алатын. Жақын арада пилоттық жоба аясында Нұр-Сұлтан қаласының ХҚКО-ларында құжаттандыруға арналған 15 терминал орнатамыз. Клиент барлық деректі өз бетінше толтырады. Терминал биометриялық сәйкестендіру жүргізіп, фотоға түсіреді, QR-код арқылы төлем қабылдайды. Бұл рәсімдеу процесін 10 минутқа дейін қысқартпақ. Құжат дайын болған кезде оны клиент ХҚКО-дан алып кетеді. Біздің жақын болашақтағы басты мақсатымыз – өзіне-өзі қызмет көрсетуге бағдарланған ХҚКО-ларда мемлекеттік қызметтерді толықтай қағазсыз көрсету, - деді Сүйеніш Әбділдин.
Еске сала кетейік, бұған дейін ел азаматтары жеке куәліктегі фотосуреттерін өздері таңдай алатындығы туралы жазған болатынбыз.