Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қағаздан цифрлық жүйеге: Жер қойнауын пайдалану платформасы іске қосылды

Бүгiн, 18:00
93
Бөлісу:
 Үкімет баспасөз қызметі
Фото: Үкімет баспасөз қызметі

2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасы жұмыс істей бастады. Бұл – жер қойнауын тиімді басқаруға мүмкіндік беретін, саланы ашық әрі инвесторлар үшін тартымды ететін цифрлық жүйе.

Бұрын лицензия алу, өтініш беру немесе геологиялық деректер жинау үшін компаниялар ұзақ әрі күрделі қағазбастылықтан өтетін. Процестердің өзі түсініксіз, ашық емес және сыбайлас жемқорлыққа осал болатын. Платформа енгізілгелі не өзгергені жөнінде BAQ.KZ тілшісінің материалынан оқи аласыздар.

Платформа қалай жасалды

Жүйені іске қосу жұмыстары 2024 жылдың шілде айында басталған. Осы мақсатта халықаралық тәжірибе зерттелді. Негіз ретінде Финляндия, Канада, Ұлыбритания және БАӘ геопорталдарының үлгілері алынған.

Әсіресе Финляндияның Геологиялық қызметінің үлесін атап өткен жөн: олардың мамандары кеңес беріп, осындай платформаларды енгізудегі практикалық тәжірибесімен бөлісті және қазіргі заманғы халықаралық стандарттарға сай келетін шешімдерді таңдауға көмектесті.

Платформаны іске қосу жұмысына салалық ведомство – Индустрия және құрылыс министрлігі жетекшілік етті.

Платформаны құрудың негізгі себебі – сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту және жер қойнауы учаскелерін таңдау процесінің ашықтығын арттыру қажеттілігі еді.

Бірыңғай платформа жер қойнауын пайдалануды толық цифрлық форматқа көшіреді: учаскелер мен лицензияларға қолжетімділікті ашық әрі түсінікті етеді, инвесторлар үшін барлық рәсімдерді жылдамдатады және лицензиялық-келісімшарттық міндеттемелердің орындалуын автоматты түрде бақылауды қамтамасыз етеді.

Халықаралық тәжірибе

Қазақстанның Бірыңғай платформасы бастапқыда тау-кен өндіру саласында жетекші саналатын елдердің тәжірибесін ескере отырып жобаланған, ал олардың шешімдері жергілікті жағдайға бейімделді.

Мәселен, Батыс Австралиядағы Tengraph және GeoVIEW жүйелері ашықтықтың үлгісі саналады: олар пайдаланушыларға геодеректердің толық көлемі қолжетімді. Қазақстан да осы тәсілді қолданды, яғни интерактивті карталар тек бос және игерілген учаскелерді көрсетіп қана қоймай, инфрақұрылымды: электр беру желілері, жолдар, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды ескереді. Бұл капиталдық шығындарды жоспарлау үшін өте маңызды.

Канадада (Онтарио және Британдық Колумбия) MLAS жүйесі учаскелерді бірнеше минут ішінде онлайн режимде «бекітіп қоюға» мүмкіндік береді. Қазақстанда да 2025 жылы онлайн-аукциондардың енгізілуі дәл осындай әсер берді: жер қойнауын пайдалану құқығы жылдам әрі жеке баруды қажет етпей бөлінеді.

Норвегия есептілік пен экологиялық мониторингтің барынша ашық болуына басымдық береді. Қазақстанның Бірыңғай платформасы да осы бағытқа бет бұрған: жүйе жер қойнауын пайдаланушыларды лицензиялық-келісімшарттық міндеттемелер (ликвидациялық қор, кадрларды оқыту, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар және т.б.) бойынша барлық есепті цифрлық форматта тапсыруға міндеттейді. Бұл мемлекетке олардың орындауын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді.

Алғашқы нәтижелер

Жер қойнауын пайдаланудың Бірыңғай платформасын енгізу алғашқы жылдың өзінде-ақ айтарлықтай нәтиже көрсетті. Бұрын компаниялар геологиялық деректерді алу үшін қағаз архивтермен жұмыс істеп, физикалық қорларға ұзақ сұраулар жолдауға мәжбүр болатын.

Енді бұл ақпаратқа тәулік бойы, онлайн 24/7 қол жеткізу мүмкіндігі бар. Бұл алдын ала зерттеулерге (pre-scoping) кететін шығындарды азайтып, жобаны дайындау кезеңін едәуір жылдамдатады.

Жер қойнауын пайдалану бойынша аукциондар да айтарлықтай өзгерді. Бұрын шектеулі қатысушылармен офлайн форматта өтетін сауда енді толық онлайн режимінде ұйымдастырылады, оған халықаралық инвесторлардың да қатысуына мүмкіндік берілген.

Бұл бәсекелестікті күшейтіп, қол қою бонусының құнын өсіруге ықпал етеді.

Бөлек атап өтуге тұрарлық нәтиже – ашықтықтың артуы. Бұрын көптеген процеске сыбайлас жемқорлық тәуекелі туындайтын, ал қазір әрбір әрекет жүйеде цифрлық із ретінде тіркеледі. Бұл шетелдік және жеке инвесторлардың сенімін нығайтады.

Тағы бір көңіл көншітерлігі, әкімшілік рәсімдердің мерзімі қысқарды. Егер бұрын геологиялық барлау жүргізуге арналған лицензияны рәсімдеу 120 күнге дейін созылатын болса, қазір платформа арқылы бұл мерзім 10-15 күнге дейін азайды.

Нәтижесінде перспективалы жер қойнауы учаскелері экономикалық айналымға әлдеқайда жылдам тартылады.

Дегенмен қол жеткізілген нәтижелерге қарамастан, платформаны әлі де кеңейту қажет. Негізгі қиындықтардың бірі – тарихи деректердің цифрландыру сапасы. Перспективалы учаскелерді болжауға арналған жасанды интеллект алгоритмдерінің тиімділігі жүктелген ақпараттың "тазалығы" мен толықтығына, оның ішінде кеңестік кезеңге қатысты материалдарға тікелей байланысты.

Соған қарамастан, 2025 жылғы Бірыңғай жер қойнауын пайдалану платформасы Қазақстанды ресурс саласын цифрлық реттеу бойынша озық елдердің қатарына шығарды.

Өзгелердің жаңалығы