Қадір түні жақындап қалды. Қандай амалдар жасаған жөн?

Кеше, 14:10
939
Бөлісу:
Қадір түні жақындап қалды. Қандай амалдар жасаған жөн?
Фото: tirshilik-tynysy.k

Қадір түнінде Құран Кәрім Лаухул Махфуздан (барлық жаратылыстың тағдыры жазылған кітап) Байтул Ғиззаға (дүние аспаны) түсірілген. Бұл түнді тағдыр жазылатын, күнә кешірілетін түн деп те атайды. Осы түні жасалған құлшылықтың да сауабы еселеп көбейтіледі. Биыл Қадір түні қай күнге түсіп тұр, бұл түнді қалай өткізген абзал — сол туралы айтайық.

1. Қадір түнінің маңызы қандай?

Құранды қадір түні туралы былай деп келеді:

Расында, Біз Құранды Қадір түнінде түсірдік. Қадір түнінің не екенін білесің бе? Қадір түні мың айдан да қайырлы. Сол түні Раббыларының рұқсатымен Рух пен періштелер әртүрлі іс үшін түседі. Таң рауандап атқанға дейін сол түн бейбітшілікке оранады. (Қадір сүресі, 97:1-5).

Қадір түні мың айдан да қайырлы деген аятты тәпсірлегенде бұл түннің артықшылығының бір бөлігі ғана ретінде былай айтылады: Қадір түнінде жасалған игі істер мен құлшылықтар, ішінде Қадір түні болмаған мың айда жасалынған сауапты істер мен жақсылықтардан әлде-қайда қайырлы.

2. Қадір түні қай күнге түседі?

Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген:

«Қадір түнін рамазанның соңғы он күннің тақ түндерінен іздеңдер»

Ғалымдардың басым көпшілігі Ләйләтүл-Қадір Рамазан айының 27-түніне тап келеді дейді. Десе де нақты қай түн екенін біле алмаймыз. Сол себепті кейінгі 10 күннің барлығын құлшылықпен өткізген абзал. ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі бекіткен 2025 жылғы діни күндер кестесінде Қадір түнін наурыздың 26-сынан 27-сіне қараған түні деп белгіленген. Бұған дейін айтқандай, нақты қай түнге түсетіні белгісіз болғандықтан, мына күндерге түсуі ықтимал:

  • 20/21 наурыз
  • 22/23 наурыз
  • 24/25 наурыз
  • 26/27 наурыз
  • 28/29 наурыз

3. Қадір түнінің белгілері қандай болады?

Қадір түнінің белгілері жайында Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Қадір түнінде аспан ашық болады. Ыстық та, суық та болмайды. Күн қызыл болып шығады». Тағы бір жерде «Қадір түнінде түн тынық әрі жарық болады. Айдың беті нұрланғандай болады. Таңертең күн толған ай секілді түзу шығады» делінген. «Бұл түні бұлт та, жаңбыр да, жел де болмайды» деген хадис те бар.

Дегенмен бұл белгілер қадір түнінен кейін де білінуі мүмкін. Сондықтан мұсылман қауымы Рамазанның кейінгі он күнінің барлығын айрықша құлшылықпен өткізеді.

4. Қадір түнін қалай өткізген жөн?

1. Намаз оқыңыз

Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Кімде-кім Қадір түнін құлшылықпен, сауапқа кенелемін деген үмітпен өткізетін болса, оған алдыңғы жасаған күнәлары кешіріледі». Сол себепті осы күні намазды көп әрі ұзағырақ оқып, түнді тәхәжжуд оқып өткізген жөн.

2. Құран оқыңыз

Бұл түні Құран түскен. Сондықтан Құран аяттарын оқыған өте маңызды. Оқып қана қоймай, көңілге тоқып, мән-мағынасына терең үңілу керек. Сол оқығанын іс жүзінде жасауға әдеттенген абзал.

3. Дұға етіңіз, зікір айтыңыз

Айша анамыз (Алла оған разы болсын) Пайғамбарымыздан (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) осы түні қандай дұға оқыған жөн деп сұрағанда жауабы мынадай болған екен:
«Аллаһуммә иннәкә Ъафуун, тухиббул-ъафуа фаъфу-ъанни»
(«Я, Алла, расында, Сен – Кешірімдісің, кешіргенді жақсы көресің. Мені де кешіре гөр)

Бұл дұғаны ғана емес, кез келген дұғаны оқып, жүректегі тілегіңізді жеткізе берсеңіз болады. Мысалы салиқалы жар, саналы ұрпақ, денсаулық, жақындарыңызға тура жол, қарыздан құтылуыңызды тілесеңіз болады.

4. Садақа беріңіз

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Рамазанның соңғы күндерінде өте қатты жомарт болған екен. Осы түні берген садақаның сауабы да молырақ.

5. Мешітке барыңыз

Негізі кейінгі он күнде құлшылықты арттырған абзал. Қадір түнінде мешітке барып, уағыз тыңдап, Құран оқысаңыз болады. Дегенмен барлығы бірдей баруға міндетті емес. Әйелдер қауымы үйде құлшылық қылса, одан сауабы кемімейді. Бұл жерде басты мақсат — түнді игі амалдармен өткізу ғана. Ұйықтамау шарт емес. Ұйықтамау керек екен деп түнімен фильм қарап, әңгімелесіп отыруға болмайды.

Өзгелердің жаңалығы