Қабырғасын бұзып, есік ауыстырады. Депутат үйді жөндегенде реттілік сақталмайтынын айтты

15 Ақпан 2024, 14:28
1243
Бөлісу:
Қабырғасын бұзып, есік ауыстырады. Депутат үйді жөндегенде реттілік сақталмайтынын айтты
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ - архив

Жанна Асанова тұрғын үй мен коммерциялық үй-жайларды ретсіз қайта жобалауға алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Алматы аумағындағы таяуда болған жер сілкінісі еліміздегі тұрғын үй құрылысының сапасы туралы жұртшылықты ойландырып тастады. Сенатор Жанна Асанова өзінің депутаттық сауалында тұрғын үй мен коммерциялық үй-жайларды бақылаусыз қайта жобалаудың қаупі туралы айтып берді.

Депутат меншік иесі өз мекенін қолайлы ету үшін үй-жайды қайта жобалауға жиі баратынын атап өтті. Алайда, ол жұмыс архитектуралық нормаларды мұқият сақтауды талап етеді. Әсіресе, ғимараттың негізгі тірегі болатын қабырғасы немесе қасбетінің өзгеруіне қатысты ережелер қатаң сақталуы тиіс. Құрылыстың тұтастығы мен тұрақтылығына нұқсан келсе ғимарат құлап қалуы ықтимал. Сонымен қатар, кейбір қайта жобалау кезінде өрт қауіпсіздігі ережелері бұзылады және коммуналдық жүйелерді пайдалану мүмкіндігі нашарлайтын болады.

Қолданыстағы заңнама көп қабатты үйлердегі пәтерлер мен үй-жайлардың иелеріне есік ауыстыру немесе бөлмелерді біріктіру барысында негізгі қабырғалардың тұтастығын бұзуға тыйым салады. Бірақ көптеген жылдар бойы коммерциялық құрылыс саласында мемлекеттік бақылау азайғаны және жоспарлы тексеруге әлі де тыйым салынғаны баршаға белгілі. Сонымен қатар, көптеген ғимараттар мен тұрғын үйлердің иелері салынған сәттен бастап үйді қайта жобалауды бастайды және заңдастырады. Тиісінше құжаттар рәсімделеді, ал бастапқы нормативтік құжаттар кейбір заңның мұрағатында жатқаны белгілі. Үйдің негізгі қабырғасының тұтастығы бұзылған жағдайда тұрғындардың өздері сараптама жүргізуі керек, бірақ егер ол үй бірнеше рет қайта сатылған болса, онда қайта жобаланғанының заңсыздығын дәлелдеу мүмкін емес, - деді Жанна Асанова.

Депутат қазірдің өзінде салынған ғимараттар мен тұрғын үйлердің заңсыз қайта жобаланғанын анықтау, сондай-ақ әлсіз құрылыстарды бағалау үшін тиісті министрліктер мен мекемелердің кешенді талдау жүргізуі керектігін айтты. Заңсыз қайта жобалауды анықтау және жолын кесу үшін сейсмикалық қауіпті аймақтарда жұмыс топтарын құру керек. Құжаттардың нормаларға сәйкестігі мен қайта жоспарлауға рұқсаттың негіздемесі тексерілу керек. Сондай-ақ заңсыз қайта жоспарлағаны үшін жазаны қылмыстық жауапкершілікке дейін қатаңдату және құрылыс нормалары мен ережелерін сақтау мәселесінде, оның ішінде тұрақты тексеру жүргізуде бақылаушы органдардың рөлін күшейту керек.

Өзгелердің жаңалығы