Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Ақмола облысына қарасты Қабанбай ауылында инклюзивті фитнес орталығы ашылды. Ауылды мекендегі инклюзивті фитнес орталығының негізін қалаушы - Динара Наумова.
Ол ашылу салтанатында өзінің қуанышымен бөлісті.
Бүгін мен үшін өте маңызды күн. Бұл күнді мен 6 жыл күттім. Мен бұл орталықты тек жоба үшін емес адамдарға пайда әкелу үшін аштым. Оңалту залын ауылдың мүмкіндігі шектеулі барлық азаматтары пайдалана алады. Менде сол жолдан өткемін. Барша мені қолдаған жандарға алғысымды білдіремін. Бүгін 6 жылдық еңбектің нәтижесін көріп отырмыз, - деді Динара Наумова.
Іс-шараға Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов келді. Ол Динара Наумованың ашқан орталығы нағыз ерлік екенін айтты.
Бұл жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел азаматтарының кірісін дамытуға байланысты қабылданған бағдарламаның шеңберінде өтіп жатыр. Оның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, көпбалалы аналарға және мүмкіндігі шектеуді балалардың ата-аналарын қолдау мақсатында бағытталған ауқымды жоба. Бүгін соның нақты көрінісі болды. Динара Наумова қарындасымыз Қабанбай ауылында оңалту орталығын ашып отыр. Ол өзінің мүмкіндігінің шектеулігіне қарамастан, 70 шақты азаматтарға жұмыс орнын тауып беруге мүмкіндік жасады. Бұл өмірге деген ынта, өмірге деген талпыныс, өмірді қалай сүю қажет дейтін қазақ қызының бойындағы ерекше қасиетін бейнеледі. Жұмыс жоқ деп қол қуысырып отыратын заман емес. Мұндай істі нақты жігері бар азаматтар, жүрегі бар азаматтар істей алатын іс. Нақты дәлеледер аз емес. Мұның бәрі азаматтардың өзі үшін керек, - деді Ералы Тоғжанов инклюзивті фитнес орталығы ашылу салтанатында.