АҚШ-тың Мичиган штатындағы Траверс-Сити қаласында орналасқан Walmart сауда нүктесінде пышақпен қаруланған адамның шабуылы салдарынан кемінде 11 адам түрлі деңгейде жарақат алды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
NBC News таратқан мәліметке сүйенсек, Мичиган штаттық полициясы X әлеуметтік желісінде күдіктінің ұсталғанын айтқан. Құқық қорғау органдары қазіргі таңда оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Шабуылды бір адам жасағаны немесе бірнеше адамның қатысы бары әзірге нақты емес.
Munson медициналық орталығының ресми өкілі Кэтрин Дьюи жарақат алған 11 адамның қазіргі уақытта аталмыш емдеу мекемесінде медициналық көмек алып жатқанын хабарлады. Оның сөзінше, дәрігерлер зардап шеккендердің жарақат сипатын және жалпы жағдайына баға берді.
Оқиғаны Гранд-Траверс округінің полициясы тергеуге алды.
Walmart компаниясы оқиғаға байланысты пікір білдіріп, құқық қорғау органдарымен тығыз жұмыс жүргізіліп жатқанын алға тартты.