Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 24-ракеткасы Анна Данилина Рабат (Марокко) WTA 250 жарысының ширек финалына шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Доданың үшінші ракеткалары болып тіркелген қазақстандық теннисші мен мажарстандық Тимея Бабош алғашқы айналымда чехиялық Анастасия Детюк – венесуэлалық Андреа Гамиспен шеберлік байқасты.
Тартысты өткен бірінші партияда қазақстандық-мажарстандық дуэт тай-брейкте жеңісті жұлып алды – 7:6 (7:3). Екінші сетте Детюк пен Гамиске еш мүмкіндік қалдырмады – 6:0.
Әлемнің 61-ракеткасы Юлия Путинцева Марокко астанасы Рабатта өтіп жатқан WTA 250 турнирін жеңіспен бастады. Топырақ төсенішінде өтіп жатқан жарыстың алғашқы айналымында қазақстандық теннисші дүниежүзілік рейтингте 1230-орында тұрған марокколық Ая Эль-Аунимен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда үш брейк жасаған Путинцева айқын басымдылық көрсетті – 6:1. Ол екінші сетте де 3:0 есебімен алға кетіп 6:4 есебімен жеңді.
Юлия Путинцева жүлде қоры 259 303 АҚШ долларына бағаланған доданың ширек финалына шығу үшін әлемнің 129-ракеткасы, франциялық Леолия Жанжанмен кездеседі.