АҚШ-тың экономистері Гленн Хаббард пен Кэтрин Вольфрам президент Дональд Трампқа Ресейдің Украинаға қарсы соғысын тоқтатуға арналған өз жоспарларын ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Online.ua агенттігінің мәліметінше,Олар бұл жоспарды жүзеге асыру барысында Америка Құрама Штаттары қалай пайда таба алатынын да түсіндірді.
Экономистер Трампқа кез келген елде Ресейдің мұнайы мен газының саудасына қатысушылардың барлығына санкциялар салуды ұсынды.
Мұндай санкциялардан құтылу үшін агрессор ел әрбір жеткізілім үшін арнайы алым төлеуі тиіс болар еді — бұл Ресей үшін әмбебап баж салығына айналар еді.
Гленн Хаббард пен Кэтрин Вольфрамның айтуынша, бұл алым бастапқыда төмен деңгейде болады да, бейбіт келісімге келмеген әр апта сайын өсіп отырады.
Егер Ресей төлеуден бас тартса, онда екінші деңгейлі санкциялар барлық мәмілеге қатысушыларға — мұнай танкерлерінің иелеріне, сақтандыру компанияларына және сатып алушыларға — әсер етеді.
Экономистердің айтуынша, бұл схема АҚШ-қа табыс әкеледі. Олар украин пайдалы қазбаларына қатысты ұсыныстарға қарағанда, мұндай жоспар Америкаға күніне шамамен 120 миллион доллар пайда әкелуі мүмкін екенін айтады.
Жоспардың мақсаты — Ресей мұнайы әлемдік нарықтарға жетіп тұруы, бірақ Кремльге одан түсетін табыс азаюы. Бұл Ресейдің соғысты жалғастыру қабілетін әлсіретіп, АҚШ мемлекеттік қазынасын толықтырады, — дейді сарапшылар.
Гленн Хаббард пен Кэтрин Вольфрам бұл жоспар Путинді ақырында келіссөздер үстеліне отыруға мәжбүр етеді деп сенеді.