Пулатов: Алғыс айту күні - бірліктің символы

Бүгiн, 12:13
163
Бөлісу:
Пулатов: Алғыс айту күні - бірліктің символы
Фото: жеке мұрағаттан

Өзбек этномәдени орталығының төрағасы әрі ҚХА Кеңесінің мүшесі Шерзод Пулатов еліміздені бірлік пен татулықтың ерекше рөлі барын айтады. Оның пікірінше, әр азамат достық пен ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосуы керек, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

BAQ.KZ: Алғыс айту күні сіз үшін қандай мағынаға ие?

Шерзод Пулатов: Алғыс айту күні – бұл Қазақстан халқының бірлігін, татулығын және өзара құрметін айшықтайтын ерекше мереке. Бұл күн тарихымызға, тағдырдың сынақтарына қарамастан, бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқанымыз үшін ризашылық білдірудің символы. Мен үшін бұл күн – ата-бабаларымыздың аманат етіп қалдырған бейбітшілік пен тұрақтылықтың маңыздылығын тағы бір мәрте түсінетін мүмкіндік.

Бұл мереке менің жүрегіме ерекше жақын, себебі ол адамдар арасындағы мейірімділікті, өзара түсіністікті нығайтады. Әрбір азамат бұл күні өз ата-анасына, ұстаздарына, достарына, елге және қоғамға алғыс айтып, ризашылығын білдіреді. Алғыс айту арқылы біз татулық пен келісімді одан әрі нығайта аламыз.

BAQ.KZ: Қазақстанда өзге этнос өкілі ретінде қандай жылылықты, қолдауды сезінесіздер?т

Шерзод Пулатов: Қазақстан – әрбір этносқа тең мүмкіндіктер берілген, әр азаматтың өзін туған жерінде еркін сезінетін мемлекет. Мұнда тұратын әрбір адам, ұлтына қарамастан, үлкен қазақы қонақжайлық пен мейірімділікті сезінеді.

Мен әрқашан өзіме деген жылылықты, қамқорлықты сезініп келемін. Ассамблея халықтарының достық байланыстары, этномәдени бірлестіктердің жұмысы – бәрі де әрбір азаматқа өзін осы елдің маңызды бөлігі ретінде сезінуге мүмкіндік береді. Қазақстанда әркімге өз мәдениетін сақтауға, ана тілін дамытуға және өз дәстүрлерін дәріптеуге жағдай жасалған.

Бірлік пен татулыққа негізделген Қазақстан қоғамы сіздің өміріңізге қандай оң әсер етті?

ҚХА Кеңесінің мүшесі: Қазақстан қоғамының басты құндылығы – оның бірлігі мен татулығы. Бұл қағидалар менің өміріме үлкен оң әсерін тигізді.

Бірінші, мен түрлі этностардың мәдениетімен танысу арқылы толеранттылық пен ашықтықты бойыма сіңірдім.
Екінші, бұл қоғамда адамдар өзара көмек пен қолдауға дайын, бұл маған өзімді қауіпсіз әрі сенімді сезінуге көмектеседі.
Үшінші, Қазақстандағы бейбіт өмір мен тұрақтылық маған кәсіби және жеке дамуға мүмкіндік берді. Татулық пен ынтымақтастық – бұл тек сөз емес, ол күнделікті өмірде көрініс тауып отырған шындық.

BAQ.KZ: Қазақ халқының қандай салт-дәстүрі сізге ерекше ұнайды және ол сіздің өміріңізге қалай әсер етті?

Шерзод Пулатов: Қазақ халқының көптеген салт-дәстүрі ерекше, соның ішінде қазақтың қонақжайлығы жүрегіме жақын. Қазақтар "Қонақ келсе, құт келеді" деп санайды және қонақты ерекше құрметпен қарсы алады. Бұл дәстүр маған адамдармен жылы қарым-қатынас орнатуды, кез келген адамға сыйластықпен қарауды үйретті. Қазақ дастарханының кеңдігі, үлкендерге құрмет көрсету, жақындарыңа қамқор болу – осының бәрі менің күнделікті өміріме әсер етті және мен үшін адамгершілік пен сыйластықтың биік үлгісіне айналды.

BAQ.KZ: Қазақстандағы достық пен татулықты нығайту үшін әр азамат не істеуі керек деп ойлайсыз?

Шерзод Пулатов: ҚХА Кеңесінің мүшесі: Қазақстанда достық пен татулықты нығайту үшін әр азамат өзінен бастауы керек.

Біріншіден, әрбір адам өз мәдениетін құрметтеп қана қоймай, басқа этностардың да дәстүрлері мен құндылықтарына түсіністікпен қарауы қажет. Екіншіден, балаларға жастайынан толеранттылықты, сыйластықты үйрету маңызды. Үшіншіден, біз ортақ мерекелерді бірге тойлап, өзара достық байланыстарды нығайтуымыз қажет.
Төртіншіден, кез келген араздық пен түсініспеушілікті бейбіт жолмен шешуге тырысуымыз керек.

Қазақстанның әрбір азаматы бірлік, татулық және сыйластық қағидаларын ұстанса, біздің елдегі тұрақтылық пен бейбіт өмір одан әрі нығая түседі.

BAQ.KZ: Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы