Психологтің көмегіне жүгінген жастар көбейді

4 Шілде 2024, 21:08
388
Бөлісу:
Психологтің көмегіне жүгінген жастар көбейді
Фото: BAQ.KZ -архив

Павлодар облысында емханалар жанынан ашылған жастар денсаулығы орталығы мамандарының көмегіне жүгінгендердің саны артып келеді. Әсіресе, психологтің қабылдауына келетіндер көп, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.

Павлодар қаласында үш жастар денсаулығы орталығы бар. Жас азаматтар гинеколог, уролог, дерматолог, педиатр, терапевт дәрігерлердің көмегіне МӘМС шеңберінде тегін жүгіне алады. Психолог пен заңгер қызметі бар.

Тұрғындардың көбі жастар денсаулық орталығының барын барлығы біле білмейді. Біз репродуктивті денсаулық және жыныстық қатынас арқылы таралатын аурулар бойынша ем-профилактикалық, диагностикалық және кеңестік қызмет көрсетеміз. Бүгінгі таңда медико-психологиялық көмек алуға келетіндер жетерлік. Жас азаматтар орталыққа келерде қосымша жолдама алмайды. Кезек күтудің де қажеті жоқ, - дейді жастар денсаулығы орталығының басшысы Айгүл Бәтесова.

Орталық 10-35 жас аралығындағы азаматтарға қызмет көрсетіледі.

Осы санаттағы тұлғаларды таңдап алуымыздың өзіндік себебі бар. 10 жаста балалардың ағзасы табиғи өзгерістерге ұшырап, репродуктивті жүйе мен психологиялық денсаулығы қалыптасады. Дәл осы кезеңде жасөспірімдердің денсаулығына баса назар аудару керек. Осы жаста балалар проблемаларымен бөлісіп, көмекке зәру болуы мүмкін. Жастар орталығы кеңес беріп, жастарға көмек көрсетуге арналған. Екі жыл бұрын ашылғанда психолог маманның көмегіне келгендер аз еді. Бүгінде бұл қызмет жоғары сұранысқа ие, - дейді Айгүл Бәтесова.

Айта кетейік, өткен жылы жастар орталығына 30 мыңнан астам жас келген. Ал осы жыл басынан бері төрт мыңға жуық азамат мамандардың кеңесін алған.

Еліміз бойынша 142 жастар денсаулығы орталығы жұмыс істейді.

Өзгелердің жаңалығы