Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. AMANAT партиясының баспасөз орталығында «Балалардың құқықтарын қорғау және Балалар жылы аясында іс-шаралар жоспарын іске асыру мәселелері бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы» баспасөз конференциясы өтті.
Іс-шара кезінде Парламент Мәжілісі депутаты Елнұр Бейсенбаев балалардың құқықтарын қорғау заңы аясында жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды.
Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен биылғы жыл Балалар жылы деп жарияланған болатын.
Парламентте балаларды қорғауға қатысты заң қабылданды. Партияның сайлауалды бағдарламасында бірқатар іс-шара көрсетілген. Оның бірі - оңалту орталықтарын ашу және оны көбейту. Одан бөлек, AMANAT партиясы жанында жедел қызмет жұмыс істейді. «111 шұғыл қызметі» арқылы балалар және оның ата-аналары әлімжеттік, жәбірлеу, сонымен қатар өздерінің әлеуметтік мәселелері бойынша жүгіне алады. Мысалы, осы күнге дейін 25 мыңға жуық хабарлама келді. Сонымен қатар бұл қызмет арнайы құрылған жедел әрекет ету топтарымен өзара байланыста жұмыс істейді. Олардың бірлесіп атқарған жұмысының нәтижесінде қиын жағдайдағы 64 мың отбасына кешенді көмек көрсетілді, - деді депутат.
Оның сөзінше, парияның жанында отбасыларды қолдау кеңесі қызметін атқарып келеді. Оның қызметі жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді.
Елнұр Бейсенбаев брифинг кезінде қоғамда қызу талқыланған балаларды қорғау туралы заңға тоқтала кетті.
Бұл 2020 жылдан бері Парламенттің төрінде болған заң. Ол қызу талқылаудан өтті. Бұл заңда балаларды қорғауға арналған көптеген норма бар. БАҚ-та кибербуллинг бойынша кейбір әлеуметтік желілерді шектеуге қатысты пікір білдіріп жатты, - деп айтты ол.
Ол ауыл-аймақтардан көптеген ата-анадан мектептерде әр түрлі психологиялық тесттердің өтуіне қатысты көп шағымдар түскенін айтты.
Осы күнге дейін психологиялық тесттер бойынша бірізді саясат жүргізілген жоқ. Мемлекеттік органдар, яғни жергілікті әкімдіктер өз деңгейінде, басқармалар өз деңгейінде, мұғалімдер, психологтар өз біліктілігіне байланысты біріздендірілмеген түрлі тесттерді дайындап келді. Бұл ата-аналардың наразылығын туындатып отыр. Одан бөлек, елімізде басты проблемалардың бірі – суицид. Бұл проблема психологиялық-педагогикалық жұмыстардың тиісті деңгейде жүргізілмеуін көрсетіп отыр деп есептеймін. Бұл жұмыстарды біріздендіру бағытында психологиялық мәселелер қызметінің сапасын жақсарту бойынша түзетулер енгіздік. Енді бұл жұмыс тікелей Білім және ғылым министрлігінің бақылауымен тесттер де, түсіндірме жұмыстары да бірыңғай жүргізілетін болды, - деп түсіндірді депутат.
Ол Президент заңға қол қойғаннан кейін министрлік жұмысты жүйелі жүргізетініне сенім білдірді.