Мәжіліс депутаты Айна Мысырәлімованың айтуынша, құжат психологиялық қызмет сапасын арттыруға және мамандардың кәсіби жауапкершілігін күшейтуге бағытталған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Заң жобасында психологтар мен қызмет алушылардың құқықтары мен міндеттері нақты белгіленеді. Сонымен қатар қызмет сапасын арттыру үшін стандарттау мен кәсіби жауапкершілікті дамытуға бағытталған нормалар қарастырылған. Психологиялық қызметтің негізгі нысандары мен әдістері енгізіледі, - деді депутат.
Заң жобасына сәйкес, психологтар өз қызметі аясында психодиагностика жүргізуге, кеңес беруге, психокоррекциялық және психотерапиялық әдістерді қолдануға құқылы. Сондай-ақ олар реабилитациялық, дағдарыстық және шұғыл көмек көрсете алады.
Бұдан бөлек, психологтарға жеке практикамен айналысуға мүмкіндік беріледі. Бұл ретте маман қызмет алушымен міндетті түрде келісімшарт жасасуы тиіс. Ал психологиялық көмек ерікті әрі саналы таңдау қағидатына негізделеді.
Сонымен қатар заң жобасында психологиялық көмек көрсету үшін қызмет алушының жазбаша түрде берілген келісімі міндетті талап ретінде енгізіледі. Бұл норма тек шұғыл жағдайлардан басқа кезде қолданылады.