Психолог: Ата-ана ажырасса да, баламен қарым-қатынасын үзбеуі керек

Психолог: Ата-ана ажырасса да, баламен қарым-қатынасын үзбеуі керек

Қазіргі таңда елімізде ажырасу белең алып барады. Статистикаға сүйенсек, өткен жылы 48 мың 200-ден астам неке бұзылған. Ал 2020 жылғы сандар да бұдан алыс емес, яғни 48 мың отбасы ажырасқан. Жалпы ажырасып, екі жаққа кету сол отбасы, бала, тіпті айналасындағы адамдар үшін де оңай дүние емес, деп жазады BAQ.KZ тілшісі. 

Мамандардың айтуынша, отбасылардың көпшілігі қарым-қатынастағы проблемалар әбден уашығып, ажырасуға сәл қалғанда ғана психологқа жүгінеді. Егер мәселе туындаған бастапқы кезеңінде мамандардан кеңес алуға тырысса, онда көптеген отбасын сақтап қалуға болады екен. 

Жалпы еліміздегі ерлі-зайыптылардың ажырасу себептері қандай? Көп жағдайда отбасы мүшелері психолог мамандарға қандай мәселемен барады? Ажырасу баланың психикасына қалай әсер етеді? Ата-ана ажырасатын болса, баланың психологиясына кері әсер етпеуі үшін қандай қадамдар жасауы тиіс? Ата-анасы ажырасқан балалардың кейін өздері үйлі болғанда ажырасу ықтималдығы қандай? Жалпы ажырасу фактілерін азайту үшін не істеу керек? Міне, осындай сауалдардың жауабын білу үшін психолог, психо-аналитик Зүбайда Кененбаевамен сұхбаттасуды жөн санадық. Ол әңгіме барысында өз тәжірибесімен бөлісіп, ажырасудың себептері мен оның алдын алу жолдары жөнінде айтып, баланың психикасына теріс әсер етпеу үшін бірқатар кеңес берді. 

- Статистика бойынша 2021 жылы – 48 239, 2020 жылы – 48 002 ажырасу фактісі тіркелді. Сандарға қарасақ, ажырасқандар саны көп болмаса да, артқанын байқаймыз. Зүбайда ханым, маман ретінде айтыңызшы, еліміздегі ерлі-зайыптылардың екі жаққа кетуінің ең басты себептері не?

- Жалпы отбасылардың ажырасуының бірнеше себебі бар. Алайда біздегі өршіп тұрған тұрмыстық зорлық-зомбылықты ажырасудың ең басты себептерінің бір деп айтар едім. Енді отбасында неліктен зорлық-зомбылық, күш көрсету әрекетттері болады? Осыған тоқталайықшы. Бұл үйдегі тәрбиеден басталады. Мысалы, отбасында ылғи зорлық-зомбылық көрген бала үшін күш көрсету қалыпты жағдайға айналып кетеді. Кейін есейген кезде де ол оны қалыпты жағдай ретінде қабылдайды. Сөйтіп, өз отбасында да күш көрсетуге, зорлық-зомбылыққа жол беріп жатады. Екіншіден, өзін төмен бағалау да зорлық-зомбылықтың орын алуына алып келеді, өйткені өз бағасын білмейтін адам, басқасының да қадіріне жетпейді. Тағы бір себеп ретінде адамдардың белгілі бір жағдайларға байланысты күйзеліске ұшырауын айтуға болады. Өйткені қазір адамдар бір-бірінің сөзін көтере алмайды, сөйтіп қол жұмсайды, зорлық-зомбылыққа жол береді. 

Ал ажырасудың екінші себебі – тәуелділік. Қазіргі таңда араққа, есірткіге, ойынға құмар жандардың қатары көп. Құмар ойынға жұмсаған бар ақшасымен бірге, үйіндегі бар дүниесін салып жіберетін адамдар бар. Тәуелді адам ол – ауру адам. Оны өзгерте алмайсыз, тек мамандардың, яғни психолог, психотерапевт, нарколог секілді мамандардың көмегіне жүгіну арқылы емдеу керек. Сондай-ақ адам бір айдың ішінде емделіп, сауығып кете алмайтынын ескерген жөн, оған біраз уақыт қажет. Адамдар оған шыдай алмайды, өйткені бәрінің тез бола қалғанын қалайды. Сөйтіп бұл да ажырасуға алып келуі мүмкін.

Сонымен қоса бүгінгі таңда жұбайлардың бір-бірінің көзіне шөп салуы да ажырасудың бір себебіне айналып отыр. Кей адамдар «онда тұрған не бар» дегенді айтып жатады. Алайда бұл – сатқындық. Тіпті бір-бірін кешіріп, бірге өмір сүріп жатса да, ерлі-зайыптылар бұл оқиғаға қайта-қайта оралып, сол үшін ұрыс-керіс шығып жататын да жағдайлар аз емес. 

- Сіздің көмегіңізге жүгінетін отбасылар көбіне қандай себептермен келеді?

- Маған көп отбасы жоғарыда атап өткен себептерге байланысты хабарласады. Бірақ мен ойынға, араққа, есірткіге тәуелді адамдармен жұмыс істемеймін, олармен терапия жүргізбеймін. Себебі мұндай адамдармен тек психолог жұмыс істей алмайды, олармен психологпен қоса нарколог, психиатр бірге жұмыс істеуі тиіс. Алайда психиатр дегенді естігенде, біздің адамдардың төбе шашы тік тұрады, яғни барғысы келмейді. Егер азаматтар мен айтқан мамандармен бірлесіп, жұмыс істеуді құптамаса, мен ондай адамдарды қабылдамаймын. 

Ал зорлық-зомбылық көрген не болмаса отбасында ерлі-зайыптылардың бірі көзіне шөп салу секілді мәселемен келген азаматтармен жұмыс істеймін. Ең қиыны, маған зорлық көрсеткен адам емес, керісінше зорлық-зомбылық көрген, яғни жәбірленушілер көп келеді. Негізі екі адаммен де жұмыс істелуі керек. Психологияда ер азамат бір психологқа, ал әйел адам басқа психолог маманға барғаны дұрыс. Әсіресе, отбасында зорлық-зомбылық фактілері болса. Сонымен қоса психологияда ерлі-зайыптылардың екеуімен бірге жұмыс істейтін «отбасылық терапия» деген де бар. Кейде адамның жеке проблемалары болатын жағдайлар болады, ондай кезде ол адамның жеке өзімен жұмыс істеген дұрыс. Бірақ мәселе ортақ болған жағдайда, екеуімен де жұмыс істеу қажет. Сондықтан да мен жұбайларға жеке-жеке басқа психологтарға барып, ал маған екеуі бірге келуге кеңес беремін. Ал кейде екеуімен жеке-жеке жұмыс істеп, кейін бірге қабылдаймын. Дәл қазіргі кезде үш отбасы тұрмыстық мәселе бойынша терапиядан өтіп жүр. Олардың әрқайсысының проблемасы әртүрлі. Сол себепті мәселеге әртүрлі жағынан келуге тура келеді. 

- Статистикаға сүйенсек, көбіне Алматы, Түркістан облысы және Астана қаласының тұрғындары ажырасады. Сіздіңше, қандай себептері болуы мүмкін? Неліктен бұл үш аймақ көш бастап тұр?

- Бұл үш өңірде тұратын халықтың саны көп. Сондықтан да ажырасу фактілері көптеп тіркелуі мүмкін. Тек ажырасу ғана емес, сіз айтып отырған аймақтарда некеге тұрған да азаматтардың саны баршылық. Соған сәйкес, ажырасу фактілері де аз емес. Менің ойымша, сол себепті де басқа аймақтармен салыстырғанда, ажырасу да, некелесу де фактілері көп болып отыр. 

- Қазақстандық отбасылар қарым-қатынасында проблема туындаған кезде психологқа бару дәстүрін қалыптастырды ма? Азаматтар ажырасудың алдын алу үшін психологқа қаншалықты жиі барады?

- Жалпы қазіргі таңда тек отбасылы адамдар ғана емес, жастар да психологқа баратын болды. Сондықтан да болашақта психологқа бару дәстүрі қалыптасады деп ойлаймын. Ал «ажырасудың алдын алу үшін жиі келе ме?» деген сұрағыңызға тоқталсақ, иә, жиі келеді. Алайда олар проблема басталған кезде емес, мәселе ушығып, ажырасудың алдында тұрғанда келеді. Міне, осы дүние ерлі-зайыптылардың татуласып, бірге өмір сүріп кетуін қиындатады. Сондықтан да алдыма келген әр отбасын сақтап қаламын деп айта алмаймын. Өйткені бір-бірінен әбден көңілі қалып, бір-біріне деген сенімі азайып, қарым-қатынасы әбден ушығып кеткен жұбайлардың қарым-қатынасын жақсарту қиын, кейде тіпті, мүмкін емес. Бірақ мені қуантатын бір жайтты айта кету керек, бүгінде қайта қауышып жатқан отбасылар саны аз емес. Мысалы, сотқа дейін барып, ақыр соңында ажырасып, қолына «ажырасты» деген қағаз алып, кейін қайта қосылған отбасылар бар. Міне, осындай жағдайлар көңілге қуаныш сыйлайды. 

- Ата-ананың екі жаққа кетуі баланың психологиясына да белгілі бір деңгейде әсер ететіні анық. Бірақ кейде ажырасудан басқа амал жоқ жағдайлар болады. Сондықтан баланың психологиясына кері әсерін тигізбеуі үшін ажырасу процесін қалай жеңілдетуге болады? 

- Ажырасудың бала психологиясына кері әсері жайлы айту қиын. Өйткені әр отбасын жеке-жеке қарастыру керек. Мысалы, отбасында зорлық-зомбылық фактілері тіркелсе, не ата-ананың бірі араққа не есірткіге тәуелді болса, онда мұндай отбасыдан баланы құтқару қажет. Себебі мұндай отбасында баланың психикасы бұзылады. Ал ерлі-зайыптылар өз арасында бір дүниелерге келісе алмай, бір-бірін түсіне алмай ажырасуға шешім қабылдаса, онда баланы алдын ала дайындаған жөн. Мұндай жағдайда балаға «Біз ажырасқалы жатырмыз, бірақ оның саған түк те қатысы жоқ. Біз бір-бірімізді түсіне алмаймыз, үлкендер арасында осындай жайттар болады. Біз сенің әке-шешең болып қала береміз» дегендей түсінідіріп айту керек. Сонымен қоса баланы ұрыс-керіске, соттағы мәселелерге араластырмаған жөн. Өйткені бала үшін әке мен шешенің орны бөлек, ол екеуін де бірдей жақсы көреді. Алайда бір мәселе бар, мысалы, ажырасып кеткеннен кейін бөлек тұратын әкесі не анасы баламен қарым-қатынасын үзіп кетеді. Мұндай жағдайлар көп емес, бірақ кездесіп жатады. Міне, осындай жайттар балаға қатты әсер етеді. Сондықтан да ата-ана ажырасып кетсе де, баламен қарым-қатынас үзілмеуі тиіс. Онымен жүйелі түрде кездесіп тұрғандары жөн. Мысалы, аптаның қай күні кездесу үшін белгіленді, сол күні тұрақты түрде жүздесіп, кездесу ұйымдастыру керек. Аспан айналып, жерге түссе де, сол келісілген уақытта баланың жанынан табылуы керек. Сол сәтте балада «қандай жағдай болмасын, олар менің жанымда болады» деген ой, сенім қалыптасады. Ал егерде кездесу белгіленген уақытта келмей, келем деп алып, жоғалып кетсе, оның үстіне жиі өтірік айтатын болса, бала да соған бейімделеді. Бұл оны қалыпты жағдай ретінде қабылдай бастайды. Сөйтіп өзі де үйленіп не тұрмысқа шыққан кезде, оған сондай адамдар жолығады. Өйткені оның психологиясы солай қалыптасты, сондықтан да өзінің әке-шешесіне ұқсайтын адамдарды тартып тұрады. 

- Ата-анасының ажырасуы болашақта баласының да ажырасуына ықпал ете ме? Ажырасқан ата-ананың ұлы не қызы да ажырасуы мүмкін бе?

- Жалпы жоғарыда бұған кеңірек тоқталып өттім. Енді мына дүниені қоса кетейін. Ата-ана ажырасып кеткен күннің өзінде баламен тұрақты түрде қарым-қатынас жасап, тұрақты түрде кездесіп тұратын болса, берген уәделерін орындап, махаббатқа бөлей алса, бала да өскен кезде өз отбасын сақтап қала алады. Ондай кезде отбасын сақтап қалу ықтималдығы жоғары болады. Сондай-ақ ата-ана ажырасып кеткеннен кейін де өздерінің өмір сүру дағдысы арқылы үлгі болуы тиіс. Сонда бала да ата-анасының қателік жібергенін, оны кейін түзеуге тырысқанын көріп, өз отбасында ондай қателіктерді болдырмауға барын салады. 

- Кей жағдайда ата-аналар балалары кішкентай болғаны үшін ажыраспай, бірге тұруға келіседі екен. Бұл екі ересек адамның да, баланың психологиясына кері әсер етпей ме? Сіздіңше, осындай келісім отбасының қайтадан жақсы болып кетуіне себеп бола ала ма?

- Егер де отбасы ортада бала болғаны үшін ғана ажырасып кетпеген болса, онда олар тек бала үшін ғана отбасын сақтап қалды деген сөз емес. Бұл жерде оларды ұстап қалған басқа да себептер бар. Сондықтан ерлі-зайыптылар осындай шешім қабылдаған болса, онда психолог мамандардың көмегіне жүгінуі тиіс. Өйткені тек бала үшін ғана өмір сүріп, бала үшін ғана бірге тұрса, онда кейін өздерін ғана емес, баланы да жек көріп кету ықтималдығы жоғары. Олар бар өмірін балаға арнағаннан кейін, өздерінің өміріне балта шапқандай сезімде болады. Мұны көп адам түсіне бермейді, сондықтан осындай жайт орын ала қалса, ерлі-зайыптыларға психолог маманның көмегіне жүгінуге кеңес берер едім. Өйткені оларды ұстап тұрған тек бала емес екенін ұғынулары керек, яғни басқа нәрсе бар. Соны одан әрі дамытып, олардың қарым-қатынастарының жақсаруына көмектесу керек. 

- Жалпы ажырасу фактілерін азайту үшін не істеу керек? Отбасын сақтаудың бұған дейінгі әдіс-тәсілдері ескіріп қалған сияқты. Қалай ойлайсыз, жастар арасындағы ажырасуды азайту үшін қандай шаралар қолға алынуы керек?

- Бұл сұраққа жауап беру оңай емес, өйткені әр отбасын жеке-жеке қарастырмаған соң, жалпылама кеңес беру қиын деп айтар едім. Өйткені әр адам, әр отбасы бөлек, бір-біріне ұқсай бермейді. Сондықтан жалпылама кеңес те оларға жарамайды. Негізі отбасын құрар алдында әр адам өзіне «Мен отбасын құруға дайынмын ба?» деген сұрақты қоюы тиіс. Кейбірі «жасым келді, сондықтан тұрмыс құрып не үйлену керек, бала сүю керек» деп ойлайды. Бұл – қате түсінік. Сонымен қоса «мен таңдаған адамымды қабылдай аламын ба, ол үшін жауапкершілік алып, оның жағдайын жасай аламын ба, оны бақытты ету қолымнан келе ме?» деген сауалдарға жауап беруі қажет. Яғни өзін емес, таңдаған, бірге өмір сүретін адамды бақытты ету жолын ойлауы тиіс. Бізде көп жағдайда жастар «менің жағдайымды жасау керек, менің айтқанымды жасауы керек, мені жақсы көруі керек» деген ойлармен отбасын құрады. Бұл ересек адамның емес, кішкентай баланың қылығына көбірек ұқсайды. Сондықтан да отбасын құрар алдында «мен басқа адам үшін жауапкершілік ала аламын ба?» деген сұрақты өзіне қойып, осы сауалға жауап беруі керек. Ал егер де күмәнданып тұрса, өз-өзіне өтірік айтып, өз-өзін алдамағаны дұрыс. Отбасын тек өздеріне сенімді, жауапкершілік ала алатын кезде ғана құру керек деп есептеймін.

- Сұхбатыңызға рақмет!


Фото: дереккөз