Қазақстанда Пржевальский жылқысын қайта жерсіндіру жұмыстары белсенді жүргізілуде, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазақстанда Пржевальский жылқысын қайта жерсіндіру жұмыстары жақында басталды. Бағдарламаны іске асыру мақсатында Қостанай облысындағы «Алтын Дала» мемлекеттік табиғи резерватының базасында «Алиби» жабайы тұяқтыларды қайта жерсіндіру орталығы құрылған болатын. Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде айтты.
2024 жылғы маусымда Қазақстанға Пржевальский жылқыларының алғашқы тобы – 7 бас, ал 2025 жылғы маусымда екінші топ – тағы жеті бас жеткізілді. Қазіргі уақытта орталықта барлығы 14 жылқы (12 бие және 2 айғыр) бар. Барлық жануарлар кешенді ветеринариялық тексеруден өтіп, карантин мен өңірдің табиғи-климаттық жағдайларына бейімделу кезеңін өткізуде, - деді ол.
Маман сөзінше, 2029 жылға дейін кезең-кезеңімен 40 басқа дейін жылқы әкелу жоспарланып отыр. Бұл Орталық Қазақстанның дала экожүйелерінде табиғи жағдайда өмір сүре алатын тұрақты, өздігінен көбеюге қабілетті популяцияны қалыптастыруға мүмкіндік береді деген сөз.
Бұған дейін Қазақстанда құлан популяциясы қалпына келтірілгені хабарланды.