Прокуратураның бастамасымен "Нашақорлыққа жол жоқ" акциясы өтіп жатыр

Бүгiн, 11:25
140
Бөлісу:
Прокуратураның бастамасымен "Нашақорлыққа жол жоқ" акциясы өтіп жатыр
Фото: - архив

Бас прокурор Берік Асылов "Егемен Қазақстан" газетіне сұхбат беріп, «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясындағы қадағалау қызметінің жекелеген бағыттары жөнінде айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Оның айтуынша, 2024 жылы 37 халықаралық және 98 өңірлік есірткі арнасының жолы кесілді. Заңсыз айналымнан 25,6 тонна есірткі тәркіленді. 95 есірткі зертханасы жойылды.

Бұл бағытта есірткі бизнесінің нақты ұйымдастырушыларын ұстауға, жеткізу арналарының жолын кесуге және қылмыстық табыс пен көлеңкелі тұстарын анықтауға баса көңіл бөліп отырмыз. «Follow the money» қағидаты бойынша есірткі желілерінің ірі ұйым­дастырушыларының ізіне түсіп жатырмыз. Қазірдің өзінде криптовалютада 2,8 млрд теңге мөлшерінде активтерге тыйым салынды, - дейді ол.

Прокуратураның бастамасымен «Нашақорлыққа жол жоқ» акциясы өткізіліп жатыр. Мұның аясында есірткі граффитилері жойылып, есірткіні жарнамалау және насихаттау бойынша қозғалған қылмыстық іс саны 4 есеге артқан. Әр өңірде жергілікті жұртшылықты, студенттерді, еріктілерді тарта отырып, жобалар қолға алынды.

Аталған проблемадан сырт қалмайтын, бастамаларымызға белсенді қатысатын жастардың бар екені көңіл­ге сенім ұялатады. Мысалы, елордада «Smart Astana» қосымшасында халық жиі пайдаланатын «Есірткіге жол жоқ» сервисі мен Алматыдағы «Жастармен» чат-боты бар. Көптеген өңірде әкімдіктің коммуналдық қызметтері граффитиді жою жұмыстарына қатысып жатыр. ШҚО-да прокурорлар мүдделі органдар және бизнес өкілдерімен бірлесіп «STOP, есірткі!» бастамасын іске қосты, жеке қор ашылды. Бұл жоба есірткі бизнесіне қатысты шынайы ақпарат берген адамдарға сыйақы төлеуді көздейді. Таратушы туралы хабарлаған адамға 300 мың теңге мөлшерінде берілген сыйақы бар, - дейді Берік Асылов.

Өзгелердің жаңалығы