Прокуратура және Jusan тобы мен қазіргі жағдай

16 Ақпан 2023, 15:15
1223
Бөлісу:
Прокуратура және Jusan тобы мен қазіргі жағдай
Фото: exk.kz

Прокуратура, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Jusan банктің Jusan тобы туралы ақпараты бір күнде шықты. Негізгі мәселе – банк пен Jusan тобының аражігін ажыратып алу, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.

Алматы қаласының Бостандық аудандық соты «Pioneer Capital Invest» ЖШС мен Jusan Technologies Ltd арасындағы «First Heartland Jusan Bank» АҚ-ның, сондай-ақ онымен байланысты ұйымдардың активтерін шетелдік юрисдикцияларға беру туралы мәмілені жарамсыз деп тану туралы Алматы қаласы прокурорының талап арызы бойынша азаматтық іс қозғады. 2022 жылғы маусымда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша елден заңсыз шығарылған қаражатты Қазақстанға қайтару жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылған сәттен бастап Бас прокуратура капиталды жымқыру және шет елге шығару фактілерін анықтау үшін банк секторында талдау жүргізді, - деп жазылған, Бас прокуратура мәлімдемесінде.

Прокуратура ақпаратынша, талдау барысында «Jusan» тобының активтерін басқару құрылымын өзгертудің көлеңкелі схемасы анықталған. Аталған схеманы жүзеге асыру нәтижесінде топтың қызметін бақылау құзіреті шетелде тіркелген ұйымдарға өтеусіз берілген.

Атап айтқанда, 2020 жылғы 27 сәуірде Jusan тобының иесі «Pioneer Capital Invest» ЖШС-ның қатысушыларының жалпы жиналысында Pioneer мүлкін шетелде тіркелген Jusan Technologies Ltd компаниясының жарғылық капиталына беруді мақұлдау туралы шешім қабылданған. Бұл әрекеттер қоғамдық мүдделерге, оның ішінде «Назарбаев Университеті» мен «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» ондаған мың қазақстандық студенттері мен оқушыларының мүдделеріне қауіп төндірді. Себебі «Jusan» тобының акциялары, облигациялары мен депозиттері бойынша дивидендтері аталған оқу орындарын қаржыландыру көздерінің бірі. Бұдан бөлек, 2023 жылғы 3 ақпанда Бас прокуратураға бірқатар субъектілердің құқыққа қарсы әрекеттерінің салдарынан «Жусан» тобы шетелдік азаматтардың бақылауына өтіп кету фактілері бойынша прокурорлық қадағалау шараларын қабылдау туралы «Назарбаев қорының» арызы келіп түсті. Осылайша, прокуратура органдарының мақсаты тек әділеттілікті қалпына келтіріп, «Jusan» тобының активтерін басқаруды Қазақстанның құзырына қайтару - делінген, Бас прокуратура ақпаратында.

Бұл ретте, аталған талап арыздың Jusan Bankтің жұмысына қатысты емес, яғни оның ағымдағы қызметіне, сондай-ақ банктің клиенттері мен іскерлік серіктестіктерімен өзара іс-қимылына шектеу қойылмайтыны атап көрсетілді. Істің сотта қаралуы Jusan Bankтің жұмысына әсер етпейді, ол қалыпты жағдайда жұмысын жалғастыратын болады.

Ал Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, сол сәтте Jusan Bank-тің орнықтылығы мен сенімділігіне қатысты ақпарат таратты. 

ҚР Бас прокуратурасының Jusan Bank-тің шетелдік акционерлеріне қатысты азаматтық талап-арызы банкті бақылауды шетелдік юрисдикциядан қазақстандық юрисдикцияға қайтаруға бағытталған және Банк үшін ешқандай тәуекелдері болмайды. Jusan Bank штаттық режимде жұмыс істеуде, барлық пруденциялық нормативтерді орындауда және қаржылық орнықты банк. Сондай-ақ клиенттер алдындағы міндеттемелерді уақтылы және толық көлемде орындауда, - деп көрсетілген ҚНРДА мәліметінде.

Негізі, Jusan Bank елдегі ең ірі банктердің бірі және меншікті капитал көлемі бойынша ІІІ, банк жүйесіндегі активтер көлемі бойынша 6-орында. Мәселен, банктің меншікті капиталы 537 млрд теңге болса, капитал қоры – 367 млрд теңге. Өтімділік мөлшері – 1,5 трлн теңген. Сонымен бірге, банк пруденциялық нормативтерді елеулі қормен орындап отыр. Оның капиталының жеткіліктілігі к1 = 34,3%, к2 = 53,8%, буферді ескере отырып, нормативі сәйкесінше, 7,5% және 10,0 пайыз болады. Бұл ретте банк капиталының жеткілікті деңгейі банк жүйесі бойынша капитал жеткіліктілігінің орташа көрсеткіштерінен асып түседі. Яғни, тиісінше к1 =19,1% және к2 =22,3%. Норматив кемінде 0,3 болған кезде, өтімділік коэффициенті к4 2,5-ке тең болады. Бұл Жусан банктің жағдайы жақсы деген сөз. Және банктің қаржылық тұрақтылығы үшін тәуекелдер жоқ.

Жусан банктің рейтингтері өте жақсы. Moody's Investors Service халықаралық рейтингтік агенттігі 2022 жылдың соңында болжамды «Тұрақты» деңгейден «Позитивтік» деңгейге көтеріп, Jusan Bank-тің В1 деңгейіндегі ұзақ мерзімді рейтингін растады. 

Әу баста, Жусан банк Қазақстан нарығында сонау 1993 жылы ABN AMRO атауымен пайда болды. 2008 жылы ABN AMRO Шотландияның RBS банкіне сатылды. Демек банк бастапқыда шетелдік болып құрылған. 2016 жылы ол «Банк ЭкспоКредит» деп аталды. Одан кейінгі тарихы бізге белгілі.

Өзгелердің жаңалығы