Прокуратура жаңа пилоттық жобаны іске қосты

5 Қазан 2020, 21:49
1831
Бөлісу:
Прокуратура жаңа пилоттық жобаны іске қосты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бас прокуратурада Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы Ерлан Қошановтың, Президенттің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Әсет Исекешевтің қатысуымен Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында берілген тапсырмаларды орындау аясында жүзеге асырылып жатқан пилоттық жобаның таныстырылымы өтті.

Іс-шараға құқық қорғау органдарының басшылары, сондай-ақ құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшелері қатысты.

Полиция тергеушісі мен прокурор пилоттық жобаның тәжірибеде қолданылуын көрсетті.

Пилот адам құқықтары мен бостандықтарына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарының негізгі шешімдерін келісу бойынша прокурордың өзіне жүктелген міндеттерін орындаудың электрондық форматын көздейді.

Осыған дейін, екі өңірде - Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарында пилоттық жоба сынақтан өткізілген. 1 қазаннан бастап жоба республиканың барлық аймағында іске қосылды.

Жобаның мәні тергеушінің іс-әрекетті саралау, қайта саралау, сондай-ақ тергеуді тоқтату туралы шешімін сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде электрондық түрде қалыптастыруда.

Прокурор онлайн режимінде олардың заңдылығын белгіленген мерзімде тексеруге, бұзушылықтар анықталған жағдайда ден қою шараларын қабылдауға міндетті.

Мұндай модель іс жүргізу құжаттарын дайындау уақытын және тергеу мерзімдерін қысқартады.

Бұдан басқа, қылмыстық процеске қатысушыларға қабылданған процестік шешімдерді қашықтан қадағалауға, келіспеген жағдайларда оларға уақтылы шағым жасауға мүмкіндік беріледі.

Бас Прокурор бұл жаңалықтар алдын ала прокурорлық қадағалауды қамтамасыз етуге және адал азаматтардың қылмыстық қудалау шеңберіне тартылуын болдырмауға бағытталғанын атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша Ерлан Қошанов атқарылып жатқан жұмыстардың маңыздылығын атап өтіп, ағымдағы жылдың соңына дейін Жобаны сынақтан өткізуді аяқтауды, нормативтік-құқықтық базаны дайындауды және 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген тапсырмаларын іске асыруға кірісуді тапсырды.

Өзгелердің жаңалығы