Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінгі «Профессионалдар» айдарының кезекті кейіпкері балалардың ғана емес, ата-аналардың да жүрегін жаулап, ерекше алғысына бөленген тәрбиеші - Гүлімхан Кәрібаева. Ол елордадағы мемлекеттік №40 «Құлпынай» балабақшасында 10 жыл бойы еңбек етіп келеді. 2020 жылы ол республикалық байқауда «Үздік тәрбиеші» атағын жеңіп алып, арнайы төсбелгімен марапатталды. Жас маман тәрбиеші мамандығын неліктен таңдағанын, заманауи тәрбиеші қандай болу керек екенін айтты.
Тілші: Бұл мамандықты неліктен таңдадыңыз? Алғашқы жұмыс күніңіз есіңізде ме?
- Мен мамандық таңдаудан қателеспедім деп айта аламын. Адам өз мамандығын жақсы көрсе, өз жұмысын қуанышпен, ықыласпен, бар ынта-жігерімен істесе, жақсы нәтижелерге қол жеткізеді деп ойлаймын. Кішкентай кезімнен бастап балаларды ерекше жақсы көретінмін. Мен үшін бала тазалық пен пәктіктің, шынайылық пен туралықтың айнасы. Тәрбиеші болу үшін төзімділік қажет. Сонымен қатар баланы шынайы жақсы көріп, қажет кезінде түсіне де, сезіне де білу керек.
Мен өз мамандығымды жақсы көремін. Осы жерге келгенде балалық шағы басылмаған бойжеткен едім. Балалармен өсіп-жетілдім десем де болады. Алғашқы жұмыс күнім әлі есімде. Ересектер тобына түстім. 5 жастағы балалар еді. Жоғары оқу орнында оқыған бір бөлек, ал тәжірибе жүзінде балалармен жұмыс істеген бір бөлек. Сонда да намысқа тырысып, бар білгенімді балаларға үйретуге тырыстым. Балаша ойнау бір-бірімізге үйренісуге септігін тигізді. Сол күннен бастап балалармен тіл табысып, әрі қарай жұмысымды жалғастырып кете бердім. Міне, он жыл да өте шығыпты.
Тілші: Кейде ата-аналар бір баласына ие бола алмай, қиналып жатады. Ал сіз жас болсаңыз да, бір топ баланы тәрбиелейсіз. Бұның қандай да бір құпиясы бар ма?
- Бұның ешқандай құпиясы жоқ. Тәрбиеші негізінде әртіс бола білуі керек. Әр баланың жан дүниесін сезініп, түсіне алу керек. Әр бала өзінше бір әлем. Әсіресе, балалар мақтап-мадақтағанды жақсы көреді, оларға назар аударғанды ұнатады. Егер балаларды ынталандырсаңыз, олар сіздің назарыңызды жаулау үшін одан да көп күш жұмсап, белсенділік танытатын болады.
Тілші: Балабақшадағы жұмыс несімен ұнайды?
- Барлық білімнің бастауы – балабақшада. Мен үшін балалармен жұмыс істеу, олардың тәрбиесіне кішкене болсын үлес қосу – үлкен бақыт. Маған көңілі пәк балалармен қарым-қатынас қуаныш пен шаттық сыйлайды. Бүлдіршіндерім балабақшаға бар ынтасымен, қуанышты көңілмен келсе, мақсатым орындалды деп өзімді бақытты тәрбиеші сезінемін.
Тілші: Болашаққа қандай жоспарларыңыз бар?
- Болашаққа жоспарым өте көп. Оның бірі, қанша жылдан бергі арманым - жеке меншік балабақша ашу. Кең әрі жарық, жанға жайлы бөлмелер, жаңа заманауи жиһаз, балаларға арналған ойын бөлмелерін жасақтап, кішкентай бүлдіршіндерге арнап ыңғайлы балабақша ашқым келеді.
Тілші: Қазір бала тәрбиелеудің түрлі әдістемелері, инновациялық тәсілдерімен қатар авторлық бағдарламалар да бар. Сіз жұмысыңызда қандай тәсілді қолданасыз?
- Егемен еліміздің талабына сай, мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру, қазіргі заманға сай білімді де тәрбиелі ұрпақ тәрбиелеу – білімді, жан-жақты тәрбиешілердің еншісінде. Заман өзгерген сайын әдіс-тәсілдер көбейіп, жаңарып, толығып жатыр. Балалардың тілін дамытуды, әр тақырыпты қызықты етіп, тез үйрету үшін жаңа әдістер мен технологияларды тәжірибе барысында қолданып жүрміз. Әрқашан ізденіс үстінде жүреміз. Жаңа технология, әдіс-тәсілдерді тиімді қолдану - тәрбие мен білім сапасын арттырады.
Біздің балабақшада жұмыс барысында бірқатар тиімді технология қолданылып келеді. Оның ішінде әуенді кесте технологиясы, дамыта оқыту технологиясы, ақпараттық технология, ойын технологиясы және ТРИЗ технологиясы. Оқыту процесінде жаңа педагогикалық технологияларды іздестіріп, іс жүзінде пайдалану - әрбір тәрбиешінің міндеті деп ойлаймын.
Тілші: Гаджеттер өміріміздің бір бөлшегіне айналды. Балаға смартфон берудің пайдасы көп пе, әлде зияны көп пе?
- Жаңа теxнологиялар біздің өмірімізді айтарлықтай жеңілдеткені анық. Бүгінде кез келген баланың қолында мобильді құрылғының жүруі қалыпты жағдайға айналып барады. Бұл мақтанарлық та, қуанарлық та жағдай емес. Себебі смартфон, планшет сияқты құрылғылардың балаларға тигізетін кері әсері көп. Сондықтан баланың смартфонмен өткізетін уақытын шектеу қажет.
Тілші: Соңғы кезде балаға қиянат жасайтын тәрбиешілер көбейді. Оның себебі неде деп ойлайсыз?
- Тәрбиеші мамандығының қызығы мен қиындығы қатар жүреді, себебі біз әр баланың өміріне жауаптымыз. Балаға қиянат жасау, балаға қол көтеру - тәрбиешінің нағыз маман емес екендігін білдіреді. Нақты осындай себеп балаға қиянат жасауға жетелейді деп айта алмаймын. Мүмкін отбасындағы қиындықтардың салдары, жалақысының аздығы, денсаулығындағы ақауы әсер ететін болар. Дегенмен қандай жағдай болмасын дұрыс нәрсе емес.
Тілші: Тәрбиешінің жауапкершілігі мол. Алайда жалақысы басқа сала мамандарының жалақысымен салыстырғанда тым аз. Тәрбиеші мамандығы бойынша жұмыс істеп жүріп, сауда, қызмет көрсету саласына кетіп қалғандарды көп көрдім. Сізді бұл салада не «ұстап» тұр?
- Мен жалақының аздығына аса мән бермеймін. Бүлдіршіндерге арнаған уақытым - өмірімдегі ең бағалы, бақытты кездерім деп айта аламын. Күнде балабақшада балаларды қарсы алып, олардың жағымды үндерін, сыңғырлаған тәтті күлкілерін, «Сәлеметсіз бе?», «Қайырлы таң!» деген сөздерін естігенде, бойым бір серпіліп қалғандай болады. Балалармен өткізген әрбір уақытым мені жаңа бір әлемге жетелегендей. Әрдайым балалардың маған деген ықыласын сезінемін. Үмітке толы көздерін, кез келген жаңа нәрсені білуге құштарлықтарын, әрқашан сұрағына жауап іздеп тұратын жанарын байқаймын.
Тілші: 10 жыл бойы бала тәрбиелеп, ұрпақ дамуына үлес қосып келесіз. Он жыл бұрынғы балалар мен қазіргі балалардың айырмашылығы бар ма?
- Қаншама өзгерістер болып жатыр. Техника күннен-күнге дамып келеді. Қай кез болмасын, баланың аты - бала. Аса үлкен айырмашылығы бар деп айта алмаймын.
Тілші: Сіздіңше, заманауи тәрбиеші қандай болуы керек?
- Жалпы тәрбиеші - тек баланың ғана емес, оның ата-анасының тілін таба білетін, қиын жағдайлардан шыға білетін жақсы психолог бола білуі керек. Ал заманауи тәрбиеші деп қазіргі заманның талабын ескере отырып, тәй-тәй басып, бақшаға келген баланы мектепте оқуға дайын тұлға етіп тәрбиелей алатын маманды айтады. Ол бүлдіршіндерді өз баласындай сүйеді, балаға психологиялық тұрғыда қолдау білдіріп, қамқорлық жасайды. Баланың балабақшада еркін сезінуіне, басқа балалармен тез табысуына, білім алуына, дамып-жетілуіне қолайлы жағдай туғызады.
Жаңа заманның, сіз айтып өткендей заманауи тәрбиешісі – үнемі ізденіс үстінде өз білімін жетілдіріп отырады. Жаңадан енгізілген әдістерді пайдалануға құштар болады. Әртүрлі маманның педагогикалық тәжірибесін өз қызметіне енгізе білетін сауатты ұстаз. Топ деңгейіне қарай лайықталған бағдарламаны және әдістемелік шараларды анықтай алатын шебер болады.
PS: Шағын балабақшаға кіргеннен Гүлімхан Қазымқызының толассыз мақтау қағаздарын көруге болады. Өзі жас болса да, білікті маман екенін тек балабақша ұжымы ғана емес, ата-аналар да растайды. Қазақстанның жас ұрпағын білімді етуге өз үлесін қосып жүрген осындай тәрбиешілер көп болсын!