Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Профессионалдар: Су мамандары әулеті

Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
9 Шілде 2025, 12:13
1007
Бөлісу:
 кейіпкерден
PHOTO
Фото: кейіпкерден

Қызылорда облысынан шыққан Бәшеновтер әулетінің төрт ұрпағы су шаруашылығы саласында еңбек етіп келеді. Бүгін кейіпкеріміз, Бәшеновтер әулетінің өкілі, сушы Марат Бәшенов саладағы еңбек жолы жайлы айтып береді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бәшеновтер әулетінің жалпы еңбек өтілі – 127 жыл, ал су шаруашылығына атсалысып жүрген ұрпақ саны – төртке жеткен.

Бәшеновтер әулетінің өкілі, Қызылорда облысы Қармақшы ауданы "Қармақшысушар" өндірістік учаскесінің аға инженер-гидротехнигі Марат Бәшенов су шаруашылығы саласында осымен қатарынан 34 жыл еңбек етіп келеді.

Профессионалдар: Су мамандары әулеті

Ол 1984 жылы мектеп бітіргеннен кейін 2 жыл әскерде болып, кейін 3 жыл су маманына оқыған. Кейін 1991 жылдан бері су шаруашылығы саласында тынбай еңбек етіп келе жатыр.

Атамыз да еңбек жолын су шаруашылығы саласында бастаған. Кейін әкем сол жолды жалғастырды, біз де бауырларыммен бірге су шаруашылығында еңбек етіп жүрміз. Қазір ұлым да менің ізіммен келеді. Осымен төрт ұрпақ осы салада қызмет етіп келеміз. Қай жұмыстың да өз қиындығы болады. Соған қарамастан, 1991 жылдан бері осы салада табан аудармай еңбек етіп келемін. Басты міндетіміз – суды өлшеп, каналдар арқылы шаруаларға әділ бөлуді қамтамасыз ету, – дейді Бәшеновтер әулетінің өкілі.

Оның сөзінше, су маманы болу үшін де оқу керек. Кейіпкеріміз білікті маман атану үшін алдымен техникум, кейін университет бітірген.

Профессионалдар: Су мамандары әулеті

Осымен су саласында еңбек етіп келе жатқаныма 34 жыл болды. Жұмысымды жақсы көремін. Біз ауданға келген суды әділ бөлеміз. Қызылорда облысында көбіне күріш өсіреді. Судың әр гектарына өлшеп, реттеп береміз. Қармақшы ауданы «Қармақшысушар» өндірістік учаскесінің теңгерімінде каналдар бар. Осы каналдар арқылы шаруаларды сумен қамтамасыз етеміз, - деді Марат Бәшенов.

Сушы еліміздің су саласында айтарлық өзгеріс бар екенін айтты.

1990-жылдардан бері қарай су саласы құлдырап кеткені есімде. Тіпті жастар да оқымай, салаға келмей қойды. Гидротехник мамандығы кезінде тіпті жойылып кете жаздаған. Ал қазір керісінше жағдай жақсарып келеді. Су саласы мамандықтарына жастар оқуға түсіп жатыр. Соңғы кездері салаға келіп жатқан мамандар қатары көбейіп келеді. Әсіресе жастардың қызығушылығы оянды, - дейді ол.

Сөзінше, ауданда 2000-жылдарға дейін диқандар 9000-10 000 гектар күріш егетін, ал қазір оның көлемі 13 мың гектарға жеткен.

Профессионалдар: Су мамандары әулеті

Бәшеновтер әулетінің өкілі жаңа Су кодексіне қатысты пікірін білдірді.

Екі жыл бұрын Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды. Қаржы бөлініп жатыр, жалақы да көтеріледі. Енді салада жағдай одан сайын жақсара түседі деп ойлаймын. Соңғы кездері канал тазалау, жөндеу жұмыстары, реконструкциялау жақсы қарқынмен жүріп жатыр. 90-жылдардан бері осы салада істеп келе жатқандықтан, мұндай жұмыстардың істелмегеніне көп болғанын жақсы білемін, - деп есіне алды сушы.

Марат Бәшенов су қорын үнемдеу - баршамыздың жауапкершілігіміз екенін жеткізді.

Су – жер нәрі. Су – тіршілік көзі. Су болмаса, жер бетінде тіршілік болмайды. Қызылорда облысында диқандар сыр маржаны – күріш өсірумен айналысады. Су ресурстарын үнемдеу - баршамыздың жауапкершілігіміз.

Профессионалдар: Су мамандары әулеті

Еске сала кетейік, 2025 жылды Қазақстанда Жұмысшы мамандықтар жылы ретінде жарияланды. Бұл бастама – жұмысшы мамандықтардың қоғамдағы беделін көтеру, еңбек адамының рөлін айқындау және жастарды нақты кәсіпке бағыттау мақсатында қолға алынған маңызды қадам.

Бастаманың негізгі мақсаты – жұмысшы мамандықтарды дәріптеу арқылы қоғамда еңбекке деген құрметті күшейту, кәсібіне берік, білікті мамандарды даярлау және солар арқылы өңірлік даму мен экономикалық өсуді қамтамасыз ету.

Өзгелердің жаңалығы