Қазақтың төбе биі Төле би Әлібекұлы: «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» деген екен. Иә, көзіқарақты оқырман. Әулетте бір кәсіпті меңгеретін тұлға болса, оның ізін ұрпақтары жалғастырады. Одан әрі бұл кәсіп атаның тәрбиесімен, ананың сүтімен адамның қанына сіңеді. Мұның барлығы бара-бара тектілікке айналып шыға келеді. Сондықтан болар, халқымызда тумасынан батыр, ақын-шешен немесе ұста болып, өз ісінің шеберлері көп шыққан, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Еліміздің құқықтық тәртіп әскерінде кәнігі офицерлер, әскери династиялардың бастауы көрініп келеді. Сондай әскери әлеуеттердің бірі – Сейітбековтер әулеті.
Ошақбай Сейітбековті танымайтын тәрбиешілер және жалпы аға буын әскерилер кемде-кем шығар. Талайлы тағдырымен күресе жүріп, қажырлы еңбегімен бұрынғы Ішкі әскерлер бүгінгі Ұлттық ұланда өзіне жол ашты. Әйтпесе, кадрлық әскерилерден туыстары болмаған екен. Бүгінде оның жолын ұлы Болат Ошақбайұлы жалғастырып келеді.
Әкеге қарап ұл өсер
Болат Ошақбайұлы кішкентайынан әкесінен үлгі алып өскенін айтады.
Мен жастайымнан әкемнен үлгі алып өстім. Әкем 1971 жылы бұрынғы Оңтүстік Қазақстан, бүгінгі Түркістан облысы Төле би ауданы, Төңкеріс ауылында дүниеге келген. Туғанда әкесінен айырылған, он бес жасында анасынан айырылған. Тек бір әпкесі екеуі ғана қалған. Жетімдіктің кермек дәмін тартса да, жігері жасымаған. Керісінше, ел қатарынан қалмаймын деп Қарағандыдағы жоғары оқу орнына физика пәні бойынша оқуға түскен. Жастайынан Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдулин секілді Ұлы Отан соғысы батырларының ерлігімен сусындағандықтан әскери болуды армандап, мерзімді әскери қызметке барған. Кейін Шымкент қаласындағы 6506 әскери бөліміне бақылаушы болып қызметке орналасады. Одан әрі 6654 әскери бөлімінде үш айлық оқу курстарын аяқтап, алғашқы әскери «лейтенант» шенін иығына тағады. Сол сарбаздан бастап полковникке дейін өседі. Байқап тұрсақ, әскери салаға деген әкемнің адалдығы, оның талпынысы көрініп тұр. Оның Отанды қорғау ісіне деген адалдығы бізге де берілген секілді. Өйткені мен де бала кезімнен офицер болуды армандадым, - дейді Болат Ошақбайұлы.
Жас офицердің айтуынша, әкесі полковник Ошақбай Сейітбеков қызмет бабымен еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет атқарған. Отан Ана оны қайда жіберсе, сонда өзінің міндетін атқарған. Бала кезінен бірнеше мектепті ауыстырып үлгерген. Бірнеше қалада өзінің сыныптас достары бар. Ошақбай Жасұзақұлы көбінесе қызметте болса да, ұлдарының тәрбиесіне көңіл бөлуді ұмытпаған.
Отбасындағы тәрбие мен білім
Біз бала ретінде әкеміздің еңбексүйгіштігін көріп өстік. Анамыз да жұмыста. Уақыт тауып біздің тәрбиемізбен айналысты. Ата-анамыз үйде болған кештерде барлығымыз отбасымызбен бірге отырып, ақ дастархан басына жиналамыз. Сонда әкем дастархан басында балаларына барынша ақылын айтуға тырысатын. Адал болуды, біреудің ала жібін аттамауды, білімді болуға, еңбек етуге үйретіп отыратын. Қазір ойлап отырсам, әкеміз өз жұмысына берілгені соңшалық отбасына арнаған уақытын тек ізгілікті сөздерге, ізгілікті істерге арнағысы келген екен. Сондықтан бірінші кезекте балаларына өзі үлгі болуды мақсат тұтты. Үйде әкеміз ешкімді жамандамайтын, сын пікірлер, бос сөз айтпайтын. Ашуланғанын да көргеніміз жоқ. Біріншіден, ол әкемнің жоғары ішкі мәдениеті болса, екінші жағынан үйдегі бізді жақсы қырынан тәрбиелегісі келген ізгі ниеті еді. Біз осы тәрбиесі үшін әкеміздің алдында қарыздармыз. Балалық шағымыз түсіністік пен жылулық орнаған ортада өткені үшін ата-анамызға алғысымыз шексіз, - дейді ұлы Болат.
Болат спортты жанына серік еткен азамат. Кикбоксинг спорт түрі бойынша спорт шебері атағына қол жеткізген. Петропавл қаласындағы мектепті аяқтағаннан кейін өз күшімен Ресей Федерациясындағы Армия генералы А. Хрулев атындағы МТҚ Әскери Академиясының теміржол әскери және әскери хабарласудың Әскери институтына оқуға түсіп, 2020 жылы аяқтаған.
Бүгінде аға лейтенант Болат Жасұзақ Ұлттық ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы Жауынгерлік қызмет басқармасы арнайы және әскери тасымалдау бөлімінің офицері. Қызметіне ұқыпты, ұжымында беделі жоғары.
Жас офицерді қатарына қабылдап, тәжірибесімен бөліскен қаруластарына дән риза. Олар: подполковник Павел Фещенко, подполковник Исмаил Кадыров, капитан Бекзат Нүсіпбеков, капитан Дәурен Омаровтар.
Інісі Елнұр да Отан қорғау саласын таңдаған. Өз еркімен Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу үшін Ұлттық ұланның 5571 әскери бөліміне аттанды. Мерзімді әскери қызметтен кейін әскери қызметін жалғастыруды алдына мақсат қойған. Ең қызығы, оның Отанға берген Әскери ант қабылдауына ағасы Болат келіп, рәсімін өзі өткізген екен.
Осылайша, біз жаңа әскери династияның қысқаша тарихымен жетік таныстық. Атаға тартып ұл туса, онда еліміздің қорғаныс қабілеті күшейіп, еліміз мәңгілік болмақ. Үлгілі отбасылар әскерімізде көп болсын!